Өңірдің өсуіне ықпал ететін бастамалар талқыланды

Парламент депутаттарының Түркістан облысындағы жұмыс сапары жалғасуда. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Алишер Сатвалдиев Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен келіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік салада жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Сапар барысында аудандағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Одан соң облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді.

Түркістан облыстық мәслихатына Қазығұрт ауданынан сайланған депутат, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев ел ішінде көтерілген мәселелерді назарға алу жұмыстарына қатысып, маңызды нысандарды сенаторлармен бірге аралады.

Сенаторлар алдымен Шарбұлақ ауылдық округіндегі «Сапа-2002» ЖШС-нің егістік алқабына барып, астық ору жұмыстарының барысымен танысты. Жергілікті шаруалармен кездесу барысында ауыл шаруашылығындағы маусымдық қиындықтар, су тапшылығы, заманауи техникалар мен мемлекеттік қолдау құралдары төңірегінде ашық пікір алмасу болды. Аграрлық сектор еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі ерекше атап өтіліп, бұл салаға заңнамалық әрі бағдарламалық қолдау қажеттігі айтылды.

Сарапхана ауылдық округіндегі «Асыл бастау.KZ» ЖШС-нің ауыз су өндіру цехына барған сенаторлар ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту барысымен танысты. Сонымен қатар, «Көрік ШҚ» ЖШС-нің өндірістік қызметі таныстырылып, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту, инфрақұрылымдық қолдау шараларын күшейту қажеттігі талқыланды.

Аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» барып, зейнет жасындағы азаматтарға көрсетіліп жатқан қызмет түрлері қаралды. Қариялармен кездесу барысында орталық қызметінің сапасы мен тиімділігі, сондай-ақ аға буын өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды. Бұл орталық – үлкендердің өмірлік тәжірибесін қоғам игілігіне жаратуда маңызды алаңға айналып отыр.

Сенаторлар депутаттармен кездесу барысында Қазығұрт ауданының туристік әлеуетін дамыту, транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, аудандық мәдениет үйін жаңғырту, жаңа мектептердің құрылысын жеделдету, инфрақұрылым мәселелерін шешу сынды нақты ұсыныстар айтылды.

Сенат депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалып жатқан Өңірлерді дамыту тұжырымдамасының бағыттарын түсіндіріп өтті. Аталған құжат аясында шекаралық аумақтарды қолдау басты назарда болатыны, соған орай арнайы заң жобасы әзірленгені жеткізілді. Қазір әр өңірде осы құжат талаптары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, тұрғындардың ұсыныстары Парламент пен орталық мемлекеттік органдар тарапынан мұқият қаралып жатқаны айтылды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар