ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРДІ

Келес ауданына жасаған жұмыс сапары аясында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева аймақтағы белсенді әйелдермен өткен кездесуге қатысып, әйел азаматтар көтеріп жатқан мәселелер бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.

Басты байлығымыз – адам деп белгілеген партиямыз, мемлекет дамуының жаңа кезеңінде әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алып отыр. Президент елді басқарудың қоғаммен келісімге бағытталған жаңа моделін негіздеп берді. Жаңа саяси философия құқық үстемдігіне, билік пен азаматтар арасындағы сындарлы диалогқа, халық алдында жауап беретін билікке, азаматтық жауапкершілікке және әділетті болашақ жолындағы бірлікке негізделеді. Азаматтық теңдік принципін орнықтыруда, әйелдердің құқығын қорғау мен отбасы құндылықтарын нығайтуға баса мән берілуде.

Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Қошанов Әйелдер қанаты «AMANAT» партиясының қозғаушы күштерінің біріне айналғанын атап өтті. Әйелдер қанатының алғашқы республикалық форумында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланып, елімізде әйелдер туралы ескірген түсініктер мен ғасырлар бойы қалыптасқан стереотиптерді өзгертуге іргелі қадамдар жасалды. Парламенттегі фракция депутаттарының бастамасымен әйелдердің құқықтарын қамтамасыз етуде тиісті заң нормалары қабылданып, қоғамдық қатынаста әйел азаматтардың мүдделерін қорғаудың пәрменді жүйесі түзілді. Балалар құқығын сақтау, оларды агрессорлардан қорғауда заң нормалары қатаңдатылды. Сонымен қатар халықтың қарыз жүктемесін азайту, құмар ойындарға қарсы күрес, есірткі таралуының жолын кесу бағыттарында да жаңа құқық нормалары пайда болып, олар көп жағдайда әйелдердің құқығын қалпына келтіру бағытында қабылданды. Қазір Әйелдер қанатының мүшелері кәмелет жасына толмаған баласы бар жазасын өтеуші әйелдердің құқығын сақтауға арналған заң нормасын әзірлеу жұмыстарына тартылып, орнықты үсыныстарын білдіруде. Осы және өзге де Әйелдер қанатының қызметіне қатысты жаңашылдықтарды түсіндіріп өткен Қалыйма Жантөреқызы, Түркістан облысындағы партия өкілдері атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«- Түркістан облысындағы аманаттық өкілдердің 67 пайызын әйелдер құрайды. Облыстық мәслихат құрамының 13 пайызы әйелдерден тұрады. Әйелдер қанатының қызметі 10 басымдық бағытты қамтиды, оның қызмет арнасы өңірімізде саяси мәдениет мен демократияны дамытуға үлес қосу міндетін атқарады. Әйелдер қанатының жұмысы әйелдердің әлеуметтік, құқықтық және басқа да проблемаларын шешуге жағдай жасау, оның ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді қолдау, ауылдағы әйелдердің арасында кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесу, ғылымдағы әйелдерді қолдау, жаңадан қабылданатын заң жобаларына гендерлік сараптама жүргізу және қазақстандық қоғамда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша басқа да өзекті мәселелер бойынша жұмыстар атқару»,- деп атап өтті Қалыйма Жантөреқызы.

Облыстық Әйелдер қанатының бастамасымен өткізілген кездесулер, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жиындары, отбасы тәрбиесін ілгерілету, әйелдерге құқықтық көмектер көрсету, іскерлік ортада белсенділігімен танылған әйелдерді қоғамға таныстыру, олардың әлеуетін қоғам игілігіне пайдалану, ана мен балаға қамқорлық көрсету, балалар құқықтарын қорғау, тағы да басқа бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.

Кездесу барысында оған қатысушылар бала тәрбиесі, білім, денсаулық сақтау салалары, әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету бағыттары бойынша ұсыныстарын ортаға салып пікір алмасты. Әйелдер қанаты бойынша өткізілген тақырыптық қоғамдық қабылдауда Абай елді мекенінде тұратын көпбалалы аналар ауылдағы ауыз су жайына қатысты шағымын білдірді, әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету бойынша ұсынысын айтты. Бесқұбыр аулының тұрғыны несие мәселесі бойынша өтінішін айтса, Керегетас ауылынан келген азаматша еңбекақы көлемін арттыру мүмкіндігін сұрады.

Қабылдауда көтерілген барлық сұраныстар мен өтініштер бойынша қажетті кеңестер берілді, партияның тұрақты бақылауына алынатын мәселелер тізбнектелді. Оның ішінде елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі партия бекіткен Сайлауалды бағдарлама шеңберінде шешілетін болады. Қарыз жүктемесі көбейген азаматшаның мәселесін партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында шешу мүмкіндігі қарастырылады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар