Халыққа арналған әлеуметтік көмірді шетелге шығару деректері анықталды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов мәлім етті.
«Биыл қыркүйек айында тиісті қаулыны ұсынбақпыз. Оның аясында көмірді экспортқа шығарумен тек осы саладағы субъектілер айналысады. Яғни бұрыннан көмір өндірумен айналысқан кәсіпорындар мен олардың отынды сатумен айналысқан еншілес компаниялары қамтылады. Атап айтқанда, бұл компаниялар өздерінің осы жұмысын ары қарай жалғастырады. Ал көмірді разрездерден емес, қоймалардан, шын мәнінде халықтан, мектептер мен ауруханалардан сатып ала отырып, делдалдық арқылы үстеме ақша табуға шешім қабылдаған кәсіпорындарды осы қаулымен шектейміз», — деді Т.Жолмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Ол былтыр жылу беру маусымы қарсаңында Ресейге салынған санкцияларға байланысты көмір бағасы көтерілгенін еске салды. Жалпы, Еуропа одағы Ресей Федерациясынан 50 млн тонна көмір алып келді. Аталған санкцияларға байланысты көмірге шектеу енгізілді. Осыдан кейін Еуропа осы көлемді толтыру үшін шикізатты басқа өңірлерден сатып ала бастады. Бұл өз кезегінде бағаның күрт өсуіне әкелді. Бірнеше жыл бұрын орташа баға 100-120 доллар шамасында болса, былтыр 400 долларға дейін жеткен.
«Ішкі нарықтағы біздің көмір бағасын салыстырмалы түрде алсақ, соншалықты қымбат емес. Оның үстіне, өндіруші компаниялардың түсіністігінің арқасында біздің әлеуметтік көмір одан да арзан болды. Осының салдарынан әлеуметтік көмірдің сыртқа шығарылуы деректері тіркелді. Яғни мектептерге, ауруханаларға, бақшаларға, тұрғындарға арналған көмірді шетелге экспорттай бастағандар анықталды. Өзбекстанға, Қырғызстанға, одан әрі Еуропа одағы елдеріне ауқымды көлемде шығарылған фактілер болды. Тіпті, Қазақстаннан тікелей Польшаға, Чехияға экспорттаған», — деді Т.Жолмағамбетов.
Айтуынша, көмірді ауыр жүк көліктерімен экспорттау басталғаннан кейін, көмірдің едәуір бөлігі қоймаларда жоғала бастаған. Осыған байланысты автокөлікпен экспорттауды шектеу туралы бұйрық қабылданды.