Жыл басынан бері Келес ауданына жалпы 935 арыз-шағым тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106 өтінішке немесе 10,2 пайызға азайған. Оның ішінде жеке тұлғалардан 841 өтініш, заңды тұлғалардан 73 өтініш, ал ұжымдық өтініштер 21-ді құрады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік жиында аудан әкімі аппаратының өтініштердің қаралуын бақылау және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімшесі басшысының м.у.а. Ерболат Иляс мәлімдеді.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы арыз-шағымдардың орындалу қорытындысы қаралды. Есепті баяндаған Ерболат Иляс тұрғындар тарапынан түсетін өтініштерді уақытылы және сапалы қараудың маңыздылығына тоқталды.
– Биыл ауылдық округтерде тіркелген арыз-шағымдар саны да азайған. 2024 жылдың осы кезеңінде 622 өтініш тіркелсе, биылғы көрсеткіш 519 болды. Дегенмен кейбір ауылдық округтерде өтініштер саны артқан. Атап айтқанда, Абай ауылында 151 өтініш тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 60 өтінішке артты. Бірлік ауылдық округінде 31 өтініш тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 4 өтінішке көбейді. Жүзімдік ауылдық округінде 29 өтініш тіркелсе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11 өтінішке көп. Қошқарата ауылдық округінде 9 өтініш тіркеліп, өткен жылға қарағанда 1 өтінішке артты. Қалған ауылдық округтерде өтініштер саны едәуір азайған, — деді бөлімше басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерболат Нұрғалиұлы.
Баяндамашының дерегінше дербес бөлімдерде 2025 жылдың 6 ай қорытындысы бойынша 163 арыз-шағым тіркеліп, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 61 өтінішке азайған. Өтініштердің салалары бойынша талдағанда, жер мәселелері бойынша 592 өтініш тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 42 өтінішке азайғаны байқалды. Ауыл шаруашылығы және құрылыс саласында 40 өтініш тіркеліп, бұл көрсеткіш 14 өтінішке артты. Жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету мәселесінде 62 өтініш тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 өтінішке көбейді. Инфрақұрылым және тұрғын үй мәселесінде 71 өтініш тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңінен 25 өтінішке артты. Басқа салалар бойынша 170 өтініш тіркеліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 104 өтінішке азайды.
Жиын соңында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ауыл және ауылдық округ әкімдеріне, сондай-ақ дербес бөлім басшыларына «е-Өтініш» жүйесін қолдану тәртібін қатаң сақтауды, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарын түсіндіру бойынша жиындар өткізуді тапсырды. Сонымен қатар халықпен тығыз байланыс орнату, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді. Тұрғындардан түскен әрбір өтініш пен жеке қабылдау барысында берілетін хаттамалық тапсырмаларды мерзімінде әрі сапалы орындау қажеттігі ерекше атап өтілді.