Келес ауданы білім бөліміне қарасты №39 Л.Жолдасов атындағы жалпы орта мектебінің базасында заманауи кітапхана — «Coworking» орталығы ашылды. Шәкірттерге көркем әдебиеттер оқуға ғана емес, сонымен қатар оларды қосымша біліммен қамтуға арналған орталықтың ашылуына осы мектеп есімін иеленген Л.Жолдасовтың ұрпақтары мен ардагер ұстаздар да қатысты. Демеушілер есебінен ашылған орталықта түрлі іс-шаралар өткізуге жағдай жасалған.
Ашылу салтанатына қатысқан аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлназ Қасымбекова кітапханада балаларға қолайлы жағдайдың бәрі жасалғанын атап өтті.
Айта кету керек, аудан кітапханашылары осы оқу жылында көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында облыстық «KitapXan» кітап оқу жарысының ІІ айналымынан мұғалімдер және оқушылар белсенділік танытып, жүлделі орындарды иеленді.
«Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы аясында білім беру ұйымдарының кітапхана қоры көркем әдебиетпен толықты. «Каникулда кітап оқимыз» марафонында оқушылар жетістікке жетіп, заманауи сұранысқа ие кітаптарды қанжығаларына байлады.