Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынына енгізілген баға мораторийі кемінде 2025 жылдың көктеміне дейін сақталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістегі брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі шектеудің сақталуына көрші елдердегі отын тапшылығы мен валюта бағамындағы айырмашылық әсер етіп отыр. Бұл факторлар Қазақстан жанармайының шетелге заңсыз шығарылу қаупін күшейтіп, ішкі нарықтағы жағдайға кері әсер етуі мүмкін.
– Баға айырмасын азайтуға тырысып жатырмыз, бірақ керісінше өсіп барады. Себебі көрші мемлекеттерде отын тапшылығы бар, ал ол өз кезегінде бағаның өсуіне әсер етеді. Олар біз сияқты бағаны реттемейді, – деді Жұманғарин.
Айта кетейік, жанармай бағасын ұстап тұру мақсатында 16 қазаннан бастап уақытша шектеу енгізілген болатын. Мораторий шеңберінде бензин мен дизель бағасын көтеруге тыйым салынған.
