Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа 2021 жылы Түркістан қаласынан пәтер кілті табысталған.
Әлеуметтік желі белсенділері спортшыға табысталған пәтердің арендалық екендігін айтып, желіде қызу талқылап жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі жағдайды түсіндірді.
«Жаңа баспана Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғынжай беру және оны пайдалану ҚАҒИДАЛАРЫ негізінде коммуналдық тұрғынжай қоры – тұрғынжайларды пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемеге бекітілген, жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы тұрғын үйден берілген. Құжатқа сәйкес, көрсетілетін қызметті алушымен шарт 10 (он) жыл мерзімге жасалады. Шарт жасасқан күннен бастап 10 (он) жыл өткен соң көрсетілетін қызметті алушылар коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген, өздері тұрып жатқан тұрғынжайды өтеусіз негізде меншікке алады», — делінген хабарламада.
«Қағидаларға сәйкес, допингті қолданған немесе пайдалануға әрекет жасаған жағдайда спорттық нәтиже жойылғанда, көрсетілетін қызметті алушымен осы Қағидалардың 19 тармағына сәйкес 10 жылға жасалған шарт бұзылады. Көрсетілетін қызметті беруші Дүниежүзілік допингке қарсы ұйымның, Халықаралық Олимпиада комитетінің, Халықаралық паралимпиада комитетінің, Саңыраулардың халықаралық спорт комитетінің жарыс хаттамасын және (немесе) спорттық нәтижені жою туралы ресми шешімнің негізінде 3 (үш) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыға шартты бұзу туралы хабарлама жібереді».
Фото: Sports.kz