Әлеуметтік тұрғын үй алу шарты қалай өзгерді. 15 тамыздан бастап, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында, жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әлеуметтік тұрғын үйлер жаңа әдіспен бөлу қолға алынды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова мәлім етті.
Жаңа тұжырымдама шеңберінде сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызбен беріледі. Ол үшін азаматтар бағдарламаға қатысушы есебінде әкімдікте кезекте тұруы керек.
«Сондай-ақ «Отбасы банктегі» жинақ шотында қарыз сомасының 10 пайызы бастапқы жарна есебінде болуы шарт. Мұндай қолжетімді займдарға бірінші және екінші топ мүгедектері мен ерекше қажеттілігі бар баланы асырап отырғандар және көпбалалы отбасы, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар қатыса алады»,- деді Данагүл Түсіпова.
Тағы бір жаңашылдық, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша, кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды.
«Кіріс, шектеу алынып тасталынды және де несие сомасы бойынша шектеу жойылды. Несие сомасы үйдің құнына тең болады. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінім тек otbasybank.kz порталында жүргізілетін болады. Демек, өтінім жалпылама қабылданбайды», – деді спикер.