Балаңыздың eGov-тегі деректерін ретке келтіріңіз
Ұлттық қорды басқару Ұлттық банктің құзырындағы шаруа болғанмен, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының үйлестірушісі – Қаржы министрлігі. Ал оператор – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Әділет министрлігінің базасындағы дерек негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 18-ге толмаған балалардың тізімі жасақталады. Сол тізім негізінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысын неше балаға теңдей бөлу керектігі белгілі болады.
2024 жылдың 1 ақпанында осы есептеулер негізінде 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды.
Қаржы министрлігі ата-аналарға балаларын жеке құжаттандыру мәселесіне жіті назар аударуға шақырып отыр. Қандай да бір себеппен құжаттары болмай жатса, кейінге қалдыра бермей жасату қажет деген сөз. Тіпті, қандай да бір адами факторлардың себебінен балаңыздың мәліметі базадан түсіп қалған күннің өзінде де бала қаражатсыз қалмайды. Мысалы, биыл мәліметтер базасында болмай қалса, келесі жылы өткен жылдың төлемі қоса аударылып отырады. Ондай мүмкіндік көзделген. Сондықтан ешбір бала Ұлттық қор қаражатынан шет қалмайды.
Ұлттық қордың ақшасы қайда инвестицияланады?
Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың сұхбатында айтылған дерекке сенсек, қараша айында Ұлттық қордың валюталық активі 2,3 млрд доллармен толығып, 58,6 млрд долларға жеткен. Демек, 11 айда Ұлттық қордың инвестициялық табысы 4,4 млрд доллар болған.
Жалпы, Ұлттық қорда сақталатын ақшаның 10 млрд доллардан астамы тұрақтандыру портфельдеріне салынған. Бұл портфельдегі қаражатты қандай да бір шетін қажеттіліктер туындаған кезде жылдам шешіп алып, республика бюджетіне аударып ала қойып, ел экономикасына бағыттауға болады. Тұрақтандыру портфельдеріне салынады деп отырғанымыз да сондықтан. Бұл қаражат көбінесе дамыған мемлекеттердің қысқа мерзімді, бірақ өте сенімді саналатын, табысы төмен болса да құбылмайтын бағалы қағаздарына салынады. Жаһандық қаржылық дағдарыстар кезінде, COVID-2019 пандемиясы кезінде мемлекет осы тұрақтандыру портфеліндегі қаражатты алып, экономиканы сауықтырып, әлеуметтік жағдайды бірқалыпты ұстап тұруға салғаны жұрттың есінде.
Ұлттық қордағы қаражаттың қалған бөлігі жинақтаушы портфельде болады. Оның бір бөлігі дамыған және дамушы елдердің бағалы қағаздарына, корпоративтік облигацияларға, дамыған елдерде тіркелген компаниялардың акцияларына, сондай-ақ, алтын портфеліне салынады.
Ұлттық банктің наурыздағы мәліметі бойынша, Ұлттық қордың жинақтаушы портфелінің 29%-ы дамыған елдердің облигацияларына, 21%-ы дамушы елдердің облигацияларына, 30%-ы дамыған елдердегі компаниялардың акцияларына, 10%-ы корпоративтік облигацияларға, 5%-ы балама құралдарға, 5%-ы алтынға салынған.
Дамыған елдердің облигацияларына бағытталған қаражаттың 62,5%-ы ең өтімді саналатын АҚШ-тың, 12,5%-ы Еуроодақтың, 10%-ы Ұлыбританияның, 5%-ы Жапонияның, 5%-ы Аустралияның, 5%-ы Канаданың мемлекеттік бағалы қағаздарында жатыр.
Ал Ұлттық қор ақшасы инвестицияланған дамушы елдердің қатарында Латын Америкасының, Шығыс Еуропаның, Азия мен Африканың жетекші экономикалары бар.
Корпоративтік облигацияларға келсек, көбінесе банк секторы, ауыл шаруашылығы, энергетика және телекоммуникация саласының үлесі басым.
Ал алтын портфельдегі қаражаттың бір бөлігі Қазақстан аумағында сақталатын алтын құймаларға, тағы бір бөлігі сыртта сақталатын алтын құймаларға салынған.
18 жылда қанша ақша жиналуы мүмкін?
Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай былтыр қыркүйекте әлеуметтік желіге қызық есеп жариялаған болатын.
«Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», — деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Дерек көзі: kaz.inform.kz