
Түркістан облысы – агроөнеркәсіп пен индустриялық әлеуеті қатар дамып келе жатқан өңір. Соңғы жылдары мұнда ауыл шаруашылығын терең өңдеу мен экспорттық бағыттағы өндірістерді дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Соның ең ауқымдысы әрі стратегиялық маңызы зор жоба – «Turkistan Textile» тоқыма кластері. Жобаның құрылыс барысымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып танысты. Өңір басшысы кластердің экономикалық мән-маңызын атап өтіп, сапалы әрі жедел іске асыруды тапсырды.
Бұл – ел тарихындағы ең ірі тоқыма өндірісі жобаларының бірі. Жалпы құны 86,5 млрд теңгеге бағаланған өндіріс кешені толық қуатында жұмыс істегенде 2345 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.
Жоба толық өндірістік циклді қамтиды: элиталық сұрыпты мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнімді экспортқа шығару.
Бұл жүйе ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптің арасындағы өзара байланысты күшейтіп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірдің ІЖӨ өсіміне, салық түсімдерінің артуына, және жұмыссыздықтың азаюына тікелей әсер етеді. «Turkistan Textile» кластері іске қосылған соң, жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасады. Бұл Түркістанды мақтадан дайын өнім өндіретін басты өңірге айналдырып, шикізат экспортының үлесін азайтады.
Жобаның бірінші кезеңі биыл іске қосылады. Қазір өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Қалған кезеңдер 2026 жылдың соңына дейін толық пайдалануға беріледі.
Жобаны халықаралық деңгейде танымал Қытайлық “Lihua Group” компаниясы қаржыландыруда. Инвестор тоқыма өнеркәсібі саласындағы көпжылдық тәжірибесін пайдаланып, Түркістанды Орталық Азиядағы тоқыма өндірісінің жаңа орталығына айналдыруды көздеп отыр.
Бұл бастама – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан өндірісті әртараптандыру және өңделген өнім экспортының үлесін арттыру бағытының нақты нәтижесі.
Түркістан облысы – еліміздегі мақта егетін жалғыз өңір. Сондықтан осы кластердің іске қосылуы тек өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласына серпін бермек.
«Turkistan Textile» – бұл жай ғана зауыт емес, бұл — ауыл еңбегін әлемдік нарыққа шығаратын көпір, бұл — жергілікті тұрғындарға тұрақты табыс пен жаңа мүмкіндік беретін экономикалық тірек, бұл — Түркістанды тоқыма орталығына айналдыратын ұлттық жоба.
