Құмар ойындарға қарсы құжат

Мемлекет басшысының құмар ойындардан келер қауіп-қатерлердің алдын алу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында салааралық кездесу өтті. Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған басқосуда заңсыз онлайн құмар ойындарға, лудоманияға қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Кеңес мүшелері «Лудоманияның алдын алу жөніндегі кешенді жоспарды» әзірлеу мен іске асырудың уақтылығы мен қажеттілігін, сондай-ақ 4 қыркүйекте Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Оның барысында халық арасында, әсіресе жастар арасында тәрбие және түсіндіру шаралары бөлігінде ойынға тәуелділік мәселелері қаралды.

Жиын барысында Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Қазақстан Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелеріне «Ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру, лудоманияның алдын алу жөніндегі кешенді жоспардың» жобасын таныстырды.

Талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері «Лудоманияның алдын алу мәселелері жөніндегі кешенді жоспардың» жобасына бірқа­тар шараларды енгізу, әсіресе жастар арасында ойынға тәуелділікпен күрес жөніндегі ақпарат­тық-идеологиялық шараларды күшейту, соны­мен қатар елдегі лудоманияның дамуына жол бер­меуге ықпал ететін әлеуметтік көз­қарас­та­рды қалыптастыруға азаматтық қоғам, діни қыз­мет­кер­лер мен бұқаралық ақпарат құралда­рының өкіл­дерін тарту бойынша бірқатар ұсыныс енгізді.

Бұдан бөлек, кешенді жоспарды іске асырудың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында әрбір бағыт бойынша кеңес мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер мен сарапшылар кіретін салалық жұмыс топтарын құру жөнінде шешім қабылданды.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар