2023 жылғы 23 тамыз күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме LAB бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Мақсұтқызы Искакова Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырған «Мемлекеттік тілді үйрету: әдіс, тәжірибе, инновация» атты облыстық семинарға қатысты.
Өңірлік іс-шараның мақсаты Қазақстан Республикасында Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аудан, қаладағы тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыру, мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру, озық тәжірибені зерделеу және оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын қолданысқа енгізу болатын.
Киелі Түркістан жеріндегі тіл үйрету тақырыбына арналған бас қосу барысында қазақ тілін меңгертудің коммуникативтік тілдік құзіреттіліктері, білім берудегі жаңа технологияларды қолдану және жасанды интелект жәй-күйі жөнінде кеңінен сөз болды. Әріптесіміз жиналғандарға «Қазақ тілі сабақтарында оқытудың инновациялық түрлерін қолдану» тақырыбы бойынша қызықты етіп әңгімелеп, қазақ тілінің тиімді әдіс-тәсілдерін үйрету бойынша шеберлік сынып өткізді. Тыңдаушылар өз тарапынан үлкен ықылас, қолдау білдірді.