ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ҚАСҚАСУДА ӨТТІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен кезекті мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау кездесуі бүгін Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық мәдениет үйінде өтті. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдары, департамент және басқарма өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды азаматтары, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапты тұлғалары, адвокаттар, нотариустар, заңгерлер, жеке сот орындаушылары, медиаторлар аудан тұрғындарын қабылдап, өзекті деген мәселелерін тыңдады. Кәсіби құқықтық кеңестер алып, қолданыстағы заң шеңберінде шешілуі тиіс мәселелерді реттеудің жолдары жөнінде пайдалы ақпараттар алды.

Көшпелі қоғамдық қабылдау кездесуі Түркістан облыстық филиалының және облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев жетекшілігімен өтіп, Түркістан облыстық мәслихатына осы аумақтан сайланған депутат Ғалымжан Елшібай, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Қалыйма Жантөреева, Полат Тұрсынбаев қатысты. Сонымен бірге, облыстық әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов, Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, «Тұран су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Досхан Лесов, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Мобильді көшпелі қоғамдық қабылдаудың тиімділігі туралы Алтынсары Дүйсенбекұлы жан-жақты түсіндіріп өтті. «- Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастырып, халық алдында жауап беретін билікті қалыптастырып отыр. «AMANAT» халықтың үніне құлақ асып, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай орындайтын партия ретінде, облыс орталығынан шалғайда жатқан ауыл тұрғындарының базыналарын тыңдауға облыстық деңгейдегі атқарушы, өкілді және құқық қорғау органдарын, аудандағы мемлекеттік билік құрылымдарын, кәсіби заңгерлерді, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдарды алдарыңызға әкеп отыр. Халық бізді іздеп келмеуі керек, біз халықты іздеп баруымыз қажет. Шешілмейтін түйін жоқ, барлық мәселенің шешім табуының жолдары бар. Барлық негізгі шешімдер ортақ пікір негізінде және қолданыстағы заңдар аясында қабылданады. Осында қатысып отырған кәсіби заңгерлер, түйткілді мәселелеріңіз болса, қажетті құқықтық көмегін көрсетеді», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Атап өтуіміз қажет, биылғы бірінші жартыжылдықта партияның Түркістан облыстық филиалы азаматтардан 8 971 арыз-өтінішті қабылдады. Партия ықпалымен 5 566 немесе барлық өтініштердің 62 пайызы оң шешімдерін тапты. 3 379 өтініш бойынша немесе барлық өтініштердің 38 пайызына құқықтық кеңестер беріліп, азаматтар көтеріп жатқан мәселелерді заңда көзделген тәртіппен реттеу тетіктері түсіндірілді. Облыстық және 17 аумақтық партия филиалдарында, 242 бастауыш партия ұйымдарында, мобильді көшпелі қабылдау кездесулерінде азаматтар көтерген мәселелерді басқарма және департамент басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, партия филиалдарының жетекшілері тыңдап, олардың шешім табуына белсенді үлестерін қосуда.

Партияның облыстық филиалының төрағасы сондай-ақ бірінші жартыжылдықта қол жеткізген табыстарға тоқталып, партиялық жобалардың тиімділігіне тоқталды. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 8102 адам қаржылық сауаттылық бойынша білім алғанын айтты. «Жер аманаты» аясында 49,7 мың гектар жер қайтарылып, жылдық жоспар 121 пайызға артығымен орындалғаны түсінідірілді. «Ауыл аманаты» жобасымен 2023 берілген несиелердің қайта қайтарылуы есебінен 2,3 млрд. теңгеге 316 жоба қаржыландырылғанын жеткізді. Сонымен қатар «Кітап-AMANAT», «Ардагерлерді ардақтайық», «Әкімдер мектебі», «Таза бейсенбі» жобаларының нәтижелерін баяндады.

Тұрғындар алдында сөз алған Түркістан облыстық әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов департаментке жыл сайын халыққа заңгерлік көмек көрсетуге бюджеттен қаржы қаралатынын түсіндіріп өтті. “- Ол қаражатты біз адвокаттарға әр құқықтық көмек көрсеткеніне бөліп отырамыз. Сондықтан бүгінгі кездесуге саламызға қатысты адвокаттар, жеке сот орындаушылар палатасының өкілдері қатысып отыр. Құқықтық көмек талап ететін мәселелер болса, мамандардың көмегіне жүгінуге болады” — деп жұртшылықты ашық диалог жүргізуге шақырды.

Азаматтар көтерген барлық мәселелердің орындалуы облыстық партия филиалының бақылауына алынды.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар