Бүгін қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толып отыр. Осы орайда, Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубының ұйымдастыруымен ұлтымыздың ұлы тұлғасын және оның мол мұрасын дәріптеу мақсатында «Желсіз түнде жарық ай» тақырыбымен танымдық-мерекелік іс-шара өтті.
Атап өтсек, іс-шара барысында Оқушылар сарайының білімгерлері ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрініс қойып, өлеңдер мен қара сөздеріп оқып, әндерін шырқады.
– Бүгін ұлтымыздың ұлы ақыны, даналық пен биік парасаттың символы – Абай Құнанбайұлының туған күні. Осы орайда балаларымыздың ақын өлеңдерін жаттап, әндерімен сусындап, осындай кеш ұйымдастырып жатқаны ерекше қуаныш сыйлайды. Ұлы Абай: «Сен де — бір кірпіш, дүниеге.
Кетігін тап та, бар қалан!», — деп айтқандай, әрбір өскелең ұрпақ бас ақынның шығармашылығын бойына сіңіре алса, өсе келе өмірден өр орнын табатыны сөзсіз. Қазақтың өнері, Абайдың мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін, — деді іс-шараға қатысқан мекеме директоры Индира Икапова.
Айта кетейік, аталған концерттік бағдарламаны қала тұрғындары мен қонақтары, балалар, ұстаздар мен ардагерлер тамашалап, әуезді ән мен жалынды жырдан рухани азық жинап қайтты.