Оралда шахматтан «Senat Open» II Ашық кубогының төртінші жартылай финалы өтті

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың қолдауымен ұйымдастырылған «Senat Open» II Ашық кубогының бес жартылай финалының төртіншісі өтті. Жарысқа Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қамтитын «Батыс» аймағындағы іріктеу турларының нәтижесі бойынша 132 үздік шахматшы қатысты. Турнир қорытындысы бойынша 38 ойыншы 29 тамыз күні Астанада өтетін финалға жолдама алды.

Ақсай қаласынан келген 35 жастағы Андарбек Салихов 9-дан 8½ ұпай жинап, тур жеңімпазы болды. Атыраулық Ғабит Бисенғалиев екінші орынды иеленді. Ақтөбе облысының тұрғыны Болатбек Досмағанбетов үшінші орынға шықты, оның 7 ұпайы Бухгольц коэффициенті бойынша артықшылықа ие болып, басқа қатысушыларды айналып өтуге мүмкіндік берді.

Жалпы есепке қатысушылар ғана жоғары нәтиже көрсеткен жоқ. Үздік шыққандар арнайы санаттағы алты жүлдемен марапатталды. Ардагерлерден Болатбек Досмағанбетов, әйелдер арасында Надежда Ускова, депутаттар мен мәслихат қызметкерлері бойынша Қуанышбек Әбдірахман, мемлекеттік қызметкерлерден Ғабит Бисенғалиев, қоғамдық кеңес мүшелері арасында Андарбек Салихов, БАҚ өкілдерінен Біржан Кухаев алға шықты.

«Senat Open» II Ашық кубогы швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Уақытты бақылау: әр ойыншыға 10 минут және әр жүріс үшін қосымша 5 секунд беріледі. 2025 жылғы турнирге рейтинг көрсеткіші 2000-нан төмен шахматшылар қатысуда. Ақпан мен мамыр айлары аралығында еліміздің әр өңірінде 20 іріктеу турнирі өтіп, оларға 2100-ден астам адам қатысты. Ардагерлер арасындағы жарыстарды қоса есептегенде, қатысушылар саны 3000-нан асты. Алда тағы бір жартылай финал – «Шығыс» аймағында өтеді.

Сенаттың Баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар