Отырар аудандық білім бөліміне қарасты Ғ.Мұратбаев атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінде Ғани Мұратбаев есімі берілгеніне 50 жыл толуына орай «Кешегі, бүгінгі, ертеңгі» тақырыбында семинар кеңесі болып өтті.
Семинар мақсаты — 50 жылдық мектеп тарихындағы кезеңдерді болашақ ұрпаққа дәріптеу. Семинар кеңесіне Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы «Ғ. Мұратбаев» атындағы тарихи мемориалды мұражайынан арнайы құттықтау хат келді.
Семинар кеңес аясында үш кабинет демеушілер есебінен жабдықталып, ашылды. Мектептің ардагер ұстазы Садибекова Асылайымның атына мұғалімдер бөлмесі жабдықталып берілсе, мектеп кітапханасы бұрынғы кітапханашы, өмірден ерте өткен Рабиға Әлімбекованың атына беріліп демеуші есебінен жабдықталды.
Ардагер ұстаз Сахова Рабкүл апайдың атына бастауыш сынып кабинеті беріліп, ұрпақтарының демеушілігімен жабдықталды.
Сонымен бірге, кәсіпкер демеушілігімен жаңа үлгідегі мектеп рәміздерін осы мектептің түлегі, Алматы облысынан келген Медеубек Әлімбеков ағамыз тарту етті.
Аталған ауыл тумасы Өскемен қаласының тұрғыны зейнеттегі полковник Қайыпбергенов Серік ағамыз екі футбол командасына арнайы киімдер мен спорт жабдықтарын демеуші ретінде сыйға тартты.
Семинар барысында облыстық адами әлеуетті дамыту бөлімінен, облыстық кәсіподақ комитетінен, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің Алғыс хаттары беріліп, ұстаздар марапатталды.