ПАРТИЯЛЫҚ КОМИССИЯ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСТАРЫНЫҢ САПАСЫН БАҚЫЛАДЫ

«AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы аудан аумағындағы білім нысандарының құрылысы мен жөндеу барысын қатаң бақылауда ұстау мақсатында кезекті мониторинг жүргізді. Бақылау тобына «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков бастаған аудандық мәслихат депутаттары Бағлан Мұсабеков, Нұржол Қонқабаев, Арсылан Раматуллаев, Сауран аудандық білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков қатысты.

Жұмысшы топ мониторинг аясында Үшқайық ауылдық округіндегі жаңадан салынып жатқан 300 орындық «Жайлы» мектептің және «Амангелді» мектебі мен Шорнақ ауылдық округіндегі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Ж. Тәшенев атындағы білім ұясының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Зерделеу жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, оған қатысты толық талқылау жүргізілді. Мәселен, 300 орындық «Жайлы» мектептің жылу қазандығы тек табиғи газға бейімделгендіктен газ қысымы төмендеген немесе тоқтаған жағдайда баламалы отын көмір не солярка пайдалануға мүмкіндік жоқ болады. Жұмысшы топ жобалық-сметалық құжатқа қосымша өзгеріс енгізіп, қосымша отын түрлеріне бейімделген резервтік қазандық орнату бойынша ұсыныс енгізді.

Ал, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Ж. Тәшенев атындағы мектептегі құрылыс мамыр айының соңында басталғанымен, бүгінге дейін жұмыстың бар болғаны 40 пайызы ғана орындалған. Мердігерге жұмысшылар санын арттырып, қосымша ауысым ұйымдастыру арқылы кестеден артта қалуды жылдам өтеу жүктелді.

«Амангелді» мектебінің құрылысы жоспарға сай қарқынды жүріп жатыр. Нысанды жаңа оқу жылының басында, 1 қыркүйекте пайдалануға беру көзделген.

Комиссия мүшелері кейбір кемшіліктер бойынша ұсыныстарды тиісті мекемелерге жеткізіп, олқылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Партиялық бақылау комиссиясының басты міндеті «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі міндеттерді сапалы, әрі мерзімінде орындауды қамтамасыз ету. Аталған мониторинг нәтижелері бойынша әзірленген ұсыныстар тиісті мекемелерге жолданып, кемшіліктерді жою бойынша жедел шаралар қабылданатын болады.

Комиссия мүшелері мектеп құрылыстарының әр кезеңін жүйелі бақылауда ұстап, мердігер ұйымдармен және жауапты мемлекеттік органдармен тұрақты кері байланыс орнатуды жалғастырады. Партиялық бақылау алдағы уақытта да аудан мектептерінің сапалы салынуы мен жөнделуін қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жалғасады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар