ТЖМ Павлодар облысында жер астына түсіп кеткен автобусты іздестіру сәтінен кдарларды жариялады. Автобуста адамдар болған, — деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі. Ауыр техниканың көмегімен өткелді тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр. Барлығы 37 мыңнан аса текше метр топырақ пен тау жыныстары шығарылған. «Іздеу барысында геосканер қолданылып жатыр. Оның көмегімен 7 қаңтарда 5 метр тереңдікте топырақ астынан автобустың ықтимал орналасу орны анықталды. 8 қаңтарда топырақты қайта сканерлеу жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша іздеу-құтқару жұмыстарының барысына түзету енгізілетін болады», — делінген хабарламада.
Оқиға орнына ТЖМ, КӘАҚҚ РОШ, жергілікті атқарушы органдар, «Майқайыңалтын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 139 адам және 47 техника жұмылдырылған.
«Жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия жұмыс жүргізіп жатыр.
Жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін төрт сараптама ұйымының өкілдері тартылған.
Еске салайық, іздеу шаралары барысында екі адамның мәйіті табылды. Автобус пен тағы екі адамды іздеу жұмұстары төрт күн бойы жалғасып жатыр.
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі