Президент қаза тапқан орманшылардың жақындарымен кездесіп, көңіл айтты

Мемлекет басшысы қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты.

– Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз,– деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жедел штаб отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковтің сөзін бөлді, деп хабарлайды Ақорда.

«Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайлы қарады?! 14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді. Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген осындай қарым-қатынас бола ма?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?» — деп сұрады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар