Сайрам ауданына қарасты №24 М.Махажанов атындағы жалпы білім беретін мектепте Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, осы мектептің тұрақты демеушісі Тыныбек Сатбаевтің 77 жасқа толу мерейтойына арналған дәстүрлі садақ атудан Халықаралық ашық турнир болып өтті.
Жарысқа Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Ұлытау, Түркістан облысынан және Өзбекстан, Қырғыстан, Туркия елдерінен келген мергендер жеке және командалық жарыстарға қатысып, өз мемлекеттерінің намысын қорғады. Сондай-ақ сайыста аталған білім ордасының 7-10, 11-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысып, аудан абыройын көрші мемлекеттер алдында асқақтатып, жүлделі орындарға ие болды.
Командалық сайыс 30 метр қашықтықтағы жамбы нысанасын атудан өтті. Қырғыстан Республикасынан келген мергендердің капитаны, әлем чемпионы Ынтымақ Мурадұлы бастаған команда I орынды иеленді. Ұлытау облысынан келген мергендер II орынды иеленсе, Шымкент қаласы және Өзбекстан Республикасынан келген мергендер III орын иеленді.
№24 М.Махажанов мектебінде «Садақ ату» үйірмесі мектеп басшылығының қолдауымен 2019 жылы ашылған. Дәстүрлі садақ үйірмесіне Ұлттық спорт ойындарының білім магистрі, Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының тілшісі, Қазақстан және Халықаралық Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Үздік педагог-2022» байқауының жеңімпазы Сатбаев Маханбек Тұрарбекұлы жетекшілік етеді.
Ұлттық спортты ұлықтап жүрген спортшыларымызға сәттілік тілейміз!