Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев Түркістан облысына сапары аясында халықпен жүздесті, өндірістік және әлеуметтік бірқатар нысандарды аралады. Олар сондай-ақ жергілікті билік пен бизнес өкілдерімен өзекті мәселелерді талқылады.
Сенаторлар Созақ ауданына сапар барысында 200 орындық жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Олар мердігер мекеме өкілдерімен жұмыстың қарқыны мен сапасын, сондай-ақ құрылыс нормаларын сақтауды талқылады. Әсіресе, уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» кәсіпорнының қызметіне ерекше назар аударылды. Жұмысшылармен және жергілікті тұрғындармен кездесу барысында өндіріс қауіпсіздігі, экология және халықтың денсаулығына әсер ету мәселелері көтерілді. Тұрғындар өндірістік нысандарға жақын орналасқан елді мекендерде, әсіресе балалар арасында аурудың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сенаторлар VIII сайланған Парламенттің III сессиясында қабылданған Су, Бюджет және Салық кодекстерінің жаңа нұсқалары туралы айтып, өнеркәсіп жүктемесінен зардап шеккен өңірлерді қолдауға кешенді көзқарас қажеттігін атап өтті.
Сенаторлар Қазығұрт ауданында «Сапа-2002» ЖШС егістігінде болып, аграршылармен өнімділікті арттыру, субсидия және техникамен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Ұзақ та белсенді өмір сүру орталығында қызметкерлермен және келушілермен болған кездесуде әлеуметтік қызметтердің сапасын талқылады. Сол күнгі кездесулер қорытындысы бойынша аудандық мәслихат депутаттарымен жүздесу болды. Онда ауылдардағы жағдайды жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік бағдарламалардың қолжетімділігін кеңейту мәселелері талқыланды.
Депутаттар Түлкібас ауданында жылына 800 тоннаға дейін өнім өндіре алатын «FIRST FISH COMPANY» балық өсіру кәсіпорнының, сондай-ақ жыл сайын 30 мың тоннаға дейін сүт өңдейтін «Майлыкент Сүт» кооперативінің жұмысымен танысты. Кооперативтің алдағы жоспары бойынша 4 мың басқа арналған жаңа сүт фермасын іске қосу көзделіп отыр. Сенаторлар сонымен қатар «Ақсу-Жабағылы» сауықтыру-оңалту орталығын кеңейту жобасымен де танысты. Онда 250 адамға арналған жаңа ғимарат салынып, 200 жұмыс орны ашылатын болды.
Сенаторлар Сайрам ауданында орналасқан бірқатар кәсіпорындарды да көріп шықты. Олардың қатарында «Gen Group Kazakhstan», «Көмеш балық», «GLOBUS PLUS», «ОҚПТЗ» және «TAYIBA» бар. Еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында орта және жоғары білім беру, жол инфрақұрылымының жай-күйі, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сапар соңында облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттарының, әкімдіктер өкілдерінің және өңір тұрғындарының қатысуымен кездесу болды. Депутаттар Сенаттың жұмысы және қабылданған заңдар туралы айта келіп, кездесуге қатысушылармен бірге әлеуметтік-экономикалық даму, аграрлық сектор, инфрақұрылым, жер және су ресурстары мәселелерін талқылады.