Сенаторлар Төлеби ауданында өндіріс қуаты мен сумен жабдықтау және аграрлық дамуға назар аударды

Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев Түркістан облысының Төлеби ауданында болып, аймақтағы кездесулерді жалғастырды. Сапар барысында өнеркәсіп, аграрлық және инфрақұрылымдық даму, сондай-ақ сумен жабдықтау және жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударылды.

Сенаторлар республикалық бюджет есебінен салынып жатқан Қарақуыс су қоймасының құрылысымен танысты. Пайдалануға берілгеннен кейін көлемі 1 млн м3 болатын резервуар аграрлық сектордың тұрақты дамуына ықпал ете отырып, жергілікті фермерлердің ауыл шаруашылығы жерлерін суаруды қамтамасыз етеді. 250 000-нан астам жеміс ағашы өсірілетін «Қазығұрт бақтары» шаруа қожалығы осындағы негізгі нысанның бірі болып отыр. Кәсіпорын табиғи шырын өндіретін өңдеу цехын іске қосуға дайындалуда және 500 тонналық қойманың құрылысын аяқтауда. Инвестицияның жалпы құны 2,2 млрд теңгеден асады.

«Біз өңірге кездесу үшін ғана емес, сол жердегі өзекті мәселемен танысып, оларды шешу жолдарын бірлесіп іздеу үшін келеміз. Төлеби ауданындағы 25 мың тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі көптеген жылдар бойы күн тәртібінде тұрған болатын. Салалық министрлікпен өзара іс-қимыл және қол қойылған меморандумның арқасында су алуға орай нақты шара қабылдауға мүмкіндік туды. Бұл ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадам», — деп атап өтті сенатор Бектаев.

Сапар барысында «Мейір бейс» колледжі мен «KAZPLAST» ЖШС тігін цехының ұжымдарымен де кездесулер өтті. Онда сенаторлар заңнамалық өзгерістер мен жаңа бастамалар туралы айтып берді. Мәслихат депутаттарымен және халықпен ашық диалог барысында саяси реформалар, бюджеттік жоспарлау мәселелері, құрғақшылық проблемаларын шешу жолдары, жолдардың сапасын бақылау және мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар