Созақта әжелер шеруі өтті

Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әжелер алқасының» 10 жылдығы мерекесі аясында ұлттық құндылығымыз ұлықталды. Ауданда «Әже – ұлт ұйытқысы» атты байқау өтті. Шара барысында жиналған қонақтар «Ерулік», «Келін түсіру» атты сахналық қойылымды тамашалап, аудан ардагерлері дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісін көрсетті.

Арнайы киіз үй тігіліп, жас ұрпаққа мәдениет пен әдеп-ғұрыптарымызды, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттап, қайта жаңғырту мақсатында ұлттық нақыштағы көрмелер қойылды. Сонымен қатар аудан аумағындағы ауылдық округтерден жиналған ардагерлер мен ақ жаулықты әжелер «Мыңжылқы» мәдениет үіне дейінгі аралықта сән салтанаты келіскен ән шеруін ұйымдастырды.

Мерекелік байқауға облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы Фатима Тілеубердиева, облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасы» төрайымының орынбасары Дана Садыққызы және облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Балзия Тәжібаева қатысып, байқауға қазылық етті.

«Парасатты әжелер» жүлдесін Құмкент ауылдық округі, «Шебер әжелер» жүлдесін Жартытөбе ауылдық округі, «Сымбатты әжелер» жүлдесін Шолаққорған ауылдық округі, «Өнерлі әжелер» жүлдесін Созақ ауылдық округі, «Өнегелі әжелер» жүлдесін Қаратау ауылдық округі, «Мейірбан әжелер» жүлдесін Жуантөбе ауылдық округінің әжелері иеленді.

Шараға қатысқан аудандық маслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев мерекелік құттықтауын жеткізіп, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген әжелерге арнайы алғыс хат пен сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ ұйымдастырылған шараның жастар тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығын жан-жақты дамытуда алар орны ерекше екенін атап өтті. «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Ернар Сағындық әжелерді арнайы алғыс хатпен марапаттаса, облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы Фатима Тілеубердиева облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов аудандық ардагерлер кеңесінің арнайы жүлделерімен ауылдық «Әжелер алқасы» ұжымдарын марапаттады. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Созақ ауданының Құрметті азаматы, ардагер Садық Әбдірашұлы әжелерге деген ізгі тілегін арнады.

Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Сырлы Созақ» ардагерлер хор ұжымының солисті, ардагер ұстаз Әли Иманбеков, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сырлы Созақ» ардагерлер хор ұжымының мүшесі Раушан Баймұратова және Құмкент ауылдық «Ақ әжелер» тобы патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, мерекенің ажарын аша түсті.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар