«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округі Достық елді мекенінің бір топ тұрғындары атынан жерге қатысты шағым келіп түсті. Азаматтар ауылда жер пайдалануға қатысты қордаланған мәселе бар екенін айтып, мал жаюға жер таппай жүрген тұрғындардың қатары жыл санап артып жатқанын мәлімдеген. Партияға көмек сұрап келген азаматтар ауыл іргесіндегі 1,3 гектар жерді ортақ жайылымға қайтару мәселесін зерделеуге ұйытқы болуымызды өтініп, жұртшылық білдірген сұраныстың оң шешім табуына ықпал етуімізді сұраған.
Ауыл азаматтары білдірген арызды негізге алған партия өкілдері, «Жер Аманаты» жобасы аясында көтеріліп жатқан мәселенің байыбына бару үшін, шағымда көрсетілген жерді жауапты азаматтармен бірлесе барып танысуды, тарылған өрістің ахуалын нақты барып көруді ұйғарды. Облыстық партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Қалыйма Жантөреева мен Полат Тұрсынбаев, Түркістан облыстық мәслихатына Төлеби ауданынан сайланған депутат Ғалымжан Елшібай, облыстық партия филиалының заңгері Нүркен Естебеков, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, партияның Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров, Төлеби аудандық жер қатынастары бөлмінің басшысы Бектөре Ешжан, Киелітас ауылдық округі әкімі аппаратының жауапты мамандары ауыл маңындағы жайылымдық алқаптың жайын шолып, аймақтағы жер пайдалану үдерісіндегі түйткілдерді шешу бойынша пікір алмасты.
Атап өтуіміз керек, тұрғындар көрсеткен жер нысанының бір бөлігіне балық шаруашылығы үшін жер беріліп, онда жасанды су тоғандары қазылған. Шаруашылық нысанның айналасы қоршалып, күрделі құрылыс нысандары бой көтере бастаған. Жылдар бойы малын жайып, қомдаған тұрғындар, бұл жерлерді уәкілетті органдардан ортақ пайдаланымдағы жайылымдық жер деп тануды сұранып отыр.
Аймақ тұрғындарының базынасына құлақ түрген облыстық партия филиалы, бұл мәселе бойынша «Жер аманаты» комиссиясы зерделеу жұмыстарын жүргізуі керек деп есептейді. Партияның бастамасымен аталған комиссияның жұмысшы тобы даулы мәселе туындап отырған жерге келіп, тиісті жұмыстарын атқаратын болады. Жұмысшы топтың құрамында партия өкілдерінен бөлек, жер инспециясынан, жер қатынастары және құрылыс-сәулет бақылау басқармаларынан, прокуратура органдарынан, төтенше жағдайлар қызметінен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан, аудан әкімдігінің тиісті құрылымдарынан, Арал-Сырдарья бассейндік инспекциясынан өкілдер еніп, көтерілген мәселе бойынша объективті бағасын береді.