Түркістан өңірінде заманауи оңалту орталығы пайдалануға берілді

Возможно, это изображение 5 человек и больница

Возможно, это изображение 2 человека, ребенок и люди занимаются боевыми искусствами

Түркістан облысы, Сауран ауданы, Оранғай ауылында 90 орындық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Шұғыла» оңалту орталығы пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтап, бұл игі бастаманы қолдады.
«Шұғыла» оңалту орталығында 3-18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балалар ем қабылдайды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Жобаның жалпы құны — 3 121,7 млн теңге. Мұнда 90 балаға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетілмек. Оның 60-ы стационарлық, 30-ы жартылай стационарлық негізде. Орталық 8 бағыт бойынша әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, педагогикалық, мәдени, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызмет көрсетеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында: «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз», деген болатын. «Шұғыла» орталығы – осы нақты ниеттердің айқын көрінісі болары анық. Бұл – жай ғимарат қана емес, бұл – балалардың болашағына деген үміт, ата-аналарға сенім, қоғамдағы мейірім және тең мүмкіндік мекені. Дәл осындай Орталықтар жыл соңына дейін облысымыздың екі қаласында ашылады. Сондықтан әр баланың арманына қанат бітіріп, өміріне жарық сыйлау – біздің басты міндетіміз. Құрметті ата-аналар, «Шұғыла» орталығы сіздерге сенімді тірек болады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа орталыққа облыс әкімінің атынан музыкалық аспап (пианино) сыйға тартылды. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда көпфункционалды үстелдер, прессотерапия, қысқа толқынды терапия аппараттары, массаж және физиотерапия кабинеттері, сондай-ақ монтессори, сенсорлық және психомоторика бөлмелері түрлі дидактикалық құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар сыртқы алаңдарда кіші футбол, воркаут, жазғы сахна, ал ішкі кеңістікте спорт және акт залдары қарастырылған. Мүгедектігі бар 1-10 сынып оқушыларына арналған оқу кабинеттері де заманауи жиһазбен жабдықталған. Дәл осындай орталықтар жыл соңына дейін тағы екі қалада ашылады. Сарыағаш және Түркістан қалаларындағы 100 орындық «Аутизм орталықтары» балалар үшін қызмет жасайтын болады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 101 405 мүгедектігі бар азамат есепте тұр. Оның 15 мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Олардың ішінде 6 736 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
Возможно, это изображение детская игрушка и текст

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар