Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы «Жақсылықты жаса» ұранымен басталып, еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтуде.
Акцияның мақсаты — жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету.
– Әрбір азамат акция аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындау үшін атаулы көмек көрсетуде белсенділік таныта алады. Балалардың мектепке жолы қуанышты болуы үшін балаларға шынайы қамқорлық пен назар аудару қажет. Акцияны ұйымдастырушылар қатарына ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыстардың (қалалардың) әкімдіктері, білім басқармалары, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер және кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялардың мүшелері, басқа да мүдделі тараптар кіреді. Биыл жалпыға міндетті білім қоры есебінен 32 мыңнан аса балаға 40 567 теңге көлемінде көмек көрсетіледі, — деді Білім басқармасының кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбекова.
Аудан, қала әкімдіктері «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында, сондай-ақ, мектеп формасы мен оқу құралдарын халыққа қол жетімді бағада ұсыну үшін жәрмеңкелер өткізуде.
2023 жылдың тамыз айында «Атамекен» ҰҚП-ның мектеп тауарларын өндіретін кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізілді. Осы ретте мектеп формасына қатысты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 17 аудан, қала әкімдіктерінің шалғай ауылдарында «Мектеп жәрмеңкесі» өткізілмек.