Бүгін Сауранда Қасымхан Бегманов атындағы мектеп-гимназия кешені ашылды. Мектептің ашылу салтанатына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты, ҚР Жазушылар одағының орынбасары, Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының Құрметті азаматы Қасымхан Бегманов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сыншы Әрмиябек Айт, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Эльвира Момынова, Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы Қуандық Құлажанов және зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар мен мектеп оқушылары қатысты.
Мектептің ашылу салтанатында сөз алған азаматтар Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына тоқталып, жаңа білім ошағына сәттілік тіледі. Өңір өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған және тағы басқа әндерден шашу шашып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Ал мектеп оқушылары қаламгердің өлеңдерін жарыса оқыды.
Концерттік бағдарламадан соң қонақтар мектеп ішін аралады.
Сонымен қатар, Шаға ауылдық округінде 200 орынға арнап салынған екі қабаттан тұратын бөбекжай-балабақша ашылып, бүлдіршін-бөбектерді қуанышқа кенелтті. Заманауи жабдықталған білім ошағы жеке кәсіпкер Дүйсенбай Серікбайұлының қаржысына салынып, жаңа оқу жылының басында пайдалануға беріліп отыр.