Түркістан – тарихи мұра мен заманауи туризм тоғысқан қала

Нет описания фото.Возможно, это изображение книгаНет описания фото.

 

Түркістан облысында туристік әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қаладағы мәдени мұра нысандарын жаңғырту, тарихи орталықтарды реставрациялау және заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту – өңірдің басты басымдығына айналып отыр.

Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстары ескерткіштің тарихи келбетін сақтай отырып, оның халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыруға бағытталған. Реставрациялық жоба аяқталған соң кесене маңы жаңа сипатқа ие болып, келушілерге сол дәуірдің рухын сезінуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, көне Күлтөбе қалашығын абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары қолға алынған. Бұл жерде келушілер үшін кешкі экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мұндай бастамалар Түркістанның тек рухани емес, мәдени-танымдық туризм орталығы ретінде де жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Өңірде туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында көлік қатынасы да кеңейтілуде. Жаңа әуе рейстері мен лоукост бағыттарының ашылуы Түркістанға саяхаттауды бұрынғыдан да жеңіл әрі қолжетімді етеді.

Тарихи мұраны сақтау мен инфрақұрылымды жақсарту бағытында 2025 жылы 6 ірі жоба жүзеге аспақ. Олардың қатарында туристік нысандарға апаратын жолдарды реконструкциялау және Сауран қалашығына дейінгі айналма алаң салу бар. Бұл жобалар өңірдің туристік инфрақұрылымын жаңа сапалық деңгейге көтереді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 1700-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. Соңғы жылдары туристер легі айтарлықтай артқан – 2025 жылдың сегіз айында өңірге 859 мыңнан астам адам сапарлаған. Олардың басым бөлігі тарихи және табиғи нысандарды тамашалауға келген.

Туризм саласының дамуы инвестиция көлемінің өсуіне де серпін берді. Биылғы жылдың басынан бері өңірге 65 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, жалпы құны 49 млрд теңге болатын 47 жоба жүзеге асырылуда.

Түркістан бүгінде — руханият пен өркениет тоғысқан, өткеннің мұрасын сақтай отырып, болашаққа нық қадам басқан аймақ. Тарихы мен заманауилығы үйлескен бұл қала Қазақстанның ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығына айналып келеді.

Возможно, это изображение памятник и текст

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар