


Түркі әлемінің жүрегі – Түркістанда тарихи әрі заманауи сипаттағы ерекше оқиға өтті. Қалада Орта Азияда теңдесі жоқ «Ескек есу» арнасы ашылып, мерекелік шараға 20 мыңнан астам тұрғын мен қонақ жиналды. Бұл – спорт пен мәдениеттің, инфрақұрылым мен инновацияның тоғысқан жаңа белесі. Елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында қолға алынған ірі жобалардың бірі – Түркістандағы жаңа ескек есу арнасы. Кешен халықаралық стандарттарға толықтай сай және академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сынды спорт түрлеріне арналған.
Бірегей нысан 500-ге жуық спортшыға тұрақты жаттығу өткізуге мүмкіндік береді. Арнада Азия және әлем чемпионаттары деңгейіндегі жарыстар өткізуге толық әлеует бар. Бұл – Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы мәртебесін арттыратын стратегиялық жоба.
Нысанның ашылу салтанаты тек спорттық қана емес, мәдени мәні зор мерекеге айналды. «Turkistan Water Fest & Sky Lights» фестивалі аясында қала аспанын түрлі-түсті әуе шарлары мен отшашулар көмкеріп, су үстінде әсерлі шоу, флайборд, лазерлік және фонтан қойылымдары ұйымдастырылды. Кеш бойы Түркістан тұрғындары мен қонақтары отандық әртістердің концерті мен ерекше жарық инсталляцияларын тамашалап, шынайы қуаныш пен мақтаныш сезімін бірге бөлісті.
Фестиваль аясында дәстүрлі «Taiqazan» ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, халық шеберлерінің көрмесі, балалар мен отбасыларға арналған ойын-сауық аймақтары өтті. Цирк әртістері мен этно-ансамбльдер өнер көрсетіп, мерекенің атмосферасын айшықтай түсті. Түркістанның қонақтары ұлттық тағамның дәмін татып, қолданбалы өнердің бірегей туындыларымен танысты.
Бүгінде Түркістан облысының спортшылары 1800-ден астам ұлттық медаль иеленіп, әлем және Азия чемпионаттарында 184 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Олимпиадаға 9 жолдама – өңір спортындағы ілгерілеудің айқын көрсеткіші. Қалада бұған дейін «Мұз сарайы» ашылып, 400-ден астам бала хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек секцияларында шұғылдануда. Ал жақында салынып жатқан атшабар кешені ұлттық спорт түрлерінің жаңғыруына жаңа серпін бермек.
Өңірде жыл сайын жаңа спорт нысандары бой көтеруде: биыл 102 нысан пайдалануға берілсе, тағы 10 нысан 2026 жылы іске қосылмақ. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 22 бейімделген спорт секциясы ашылып, инклюзивті орта қарқынды дамып келеді. Бұл бастамалар – жастардың денсаулығына, елдің болашағына бағытталған нақты инвестиция. Жаңа «Ескек есу» арнасының ашылуы – Түркістанның тек рухани емес, спорттық және туристік орталыққа айналғанының нақты дәлелі. Бұл – болашақ чемпиондар тәрбиеленетін мекен ғана емес, ұлттық мақтанышқа айналар нысан. Түркістан бүгінде рух, руханият және рухани күштің символы болумен қатар, спорт арқылы жаңа дәуірге қадам басқан қала.










