Түркістанда тіл тазалығына арналған облыстық семинар өтті

«Ұлы дала елі» орталығында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Нұргүл Жақсылықова модератор болды. Шараға аудандық, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, тілдерді оқыту орталықтарының қызметкерлері, ЖОО ғалымдары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері қатысты.

Семинар барысында «Сауатты жарнама – тілге құрмет» тақырыбында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Нұргүл Жақсылықова, «Тұтынушы өз құқығыңды қорғай біл!» тақырыбында Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқын қорғау департаментінің қызметкері Марғұлан Амангелді, «Көрнекі – 2023» жобасымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Түркістан облысы филиалының төрағасы Бақытжан Сүлейменұлы, «Кәсіпкерлік бастамаларға мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында Түркістан облысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы Кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс баяндама жасады. Қатысушылар еркін пікір алмасып, семинарды қорытындылады.

Айта кетейік, семинар мақсаты Қазақстан Республикасында Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аудан, қаладағы тілдерді оқыту орталықтарының, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері және қоғам белсенділерімен өзара тәжірибе алмаса отырып, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тіл сауаттылығын қадағалау, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сай болуын реттеу, ұсыну мәселесі бойынша әдістемелік көмек көрсету болып саналады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар