Түркістанда облыс әкімдігі және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен спорт кешені ашылды. Осылайша Түркістан облыстық спорт мектебі жаңарып қана қоймай, оған Олимпиада чемпионы, қазақ боксының аңыз тұлғасы Бекзат Саттархановтың есімі берілді.
Дүбірлі додаларды өткізуге арналған спорт нысанында 320 көрерменді сыйдыратындай үлкен зал мен бірнеше жаттығу алаңы ашылды.
«Бүгін даңқты боксшы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне беріледі. Осы нысанда талай дарынды спортшы жаттығып, биік белестерді бағындырады деп сенеміз. «Самұрық-Қазына» қоры Түркістан облысында соңғы 4 жылда 1.56 млрд теңге болатын 20-ға жуық жобаны жүзеге асырды. Алдағы уақытта облыстатағы да бір жаңа спорт нысанын, Аутизмі бар балаларға арналған орталықты ашуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті салтанатты тұсаукесер рәсімінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Игілікті істің құрылысына Түркістан облысының әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан 500 млн теңге бөлінді.
Бұқаралық спортты дамыту – «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігің бағыттарының бірі. Соңғы үш жылда 12 спорты нысаны мен 28 спорт пен ойын алаңдары қолданысқа берілді. Биыл қазан айында Қызылорда облысында Сырдарияның сол жағалауында үстел теннисінің орталығы салынды.