Тіл саясаты – тілдің құрылымына, қызметіне және қолданылу аясына әсер ететін саясат механизмі. Ғылыми термин ретінде өткен ғасырда қолданысқа енгенімен, бағзы заманнан бастап адамдардың қарым-қатынасы мен ойлауы үшін қолданатын маңызды құрал тілмен (жазумен) қатар өмір сүріп келеді. Саясаттың құралы әрі объектісі ретінде әзірленеді, түсіндіріледі, қолданылады және жүзеге асырылады.
«Этнография және тіл саясаты» еңбегінің авторы Т.Маккарти айтқандай, «Тіл саясаты – күрделі әлеуметтік-мәдени процесс». Саясаттағы лауазымды тұлға, тіл жанашыры, сала көшбасшылары және қоғам белсенділері саясатты әзірлейді; Саясатты әзірлеушілер мен қолдануға жауаптылар (мұғалімдер, жұмыс берушілер және білім беру менеджерлері) саясатты түсіндіреді; мұғалім (оқытушы) мен оқушы (білім алушы), жұмыс берушілер мен қызметкерлер, ата-аналар мен балалар саясатты қолданады; мұғалім (оқытушы), оқушы (білім алушы) және қоғам мүшесі саясатты жүзеге асырады. Әрине, бұл саясаттың көздеген түпкі мақсаты бірізді деп айта алмаймыз, әртүрлі.
Мемлекеттегі титулды ұлт тілі мен этностық топтардың тілдері арасындағы қарым-қатынасты отандық ғалым Е.Тоғжанов вестерндік тіл саясаты, истерндік тіл саясаты және демократиялық тіл саясаты деген бағыттарға бөліп, өзіндік ерекшеліктерін айқындаса, батыстық белгілі лингвистер Х.Клосс бен Т.Уайли ілгерілетуші тіл саясаты, орынды тіл саясаты, толерантты тіл саясаты, шектеулі тіл саясаты, нөлдік тіл саясаты және репрессиялық тіл саясаты деп жіліктей түседі. Вестерндік тіл саясаты еуропалық тілдердің қолданылу аясын кеңейтуге бағдарланады. Ата Түрік тұсындағы Түркияның әліпбиін латындандырып, сөздік құрамын араб пен парсы сөздерінен тазартуы осы бағытта жүзеге асқан. Истерндік тіл саясаты теократиялық елдерде айқын байқалады.
Мысалы, Иран немесе Ауғанстанда араб тілі мен жазуы киелі болып саналады, батыс өркениетінің жетістіктері қабылданбайды, халықаралық сөздер мен терминдерді араб және парсы баламаларымен ауыстырады. Демократиялық тіл саясаты тіл мәртебесіне қарамай, барлық тілдердің құқығын қорғайды.
Зерттеушілер пікірінше, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырған қазіргі қазақстандық тіл саясаты осы бағытта тұжырымдалады. Ілгерілетуші тіл саясаты – мемлекет, үкімет этностық топтар тілдерінің қолданылуын қолдау үшін ресурстар бөледі: 1) этностық топ тілдерін ресурс ретінде қарастырып, дамыту, қолдау және жандандыру шараларын жүргізеді. Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 және 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі – этностық топтардың тілдерін дамыту; 2) тілдің құқықтық мәртебесі арқылы этностық топ тілдерін дамытады, сақтайды және жандандырады. «Тiл туралы» заңның 23-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады.
Мемлекеттiк органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды». Орынды тіл саясаты – ілгерілетуші тіл саясатының әлсіз нұсқасы. Заңдар этностық топтардың тілдерін қолдану аясын кеңейту үшін емес, көбінесе қысқамерзімді өмір сүру үшін қабылданады. Этностық топ тілдері проблема ретінде қарастырылып, түпкі мақсаты титулды ұлт тілін меңгеру және қолдануды, яғни өтпелі қостілді білім беруді жүзеге асыруды көздейді. Тарихнамалық зерттеулерге назар салсаңыз, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан-дағы кеңестік тіл саясаты осылай жүзеге асқан-ды.
Берікхан Иісбекұлы, филология ғылымдарының докторы,
Шәкәрім университетінің ректор кеңесшісі