тіл – таным өзегі

Тәуелсіздік кезеңінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілінің қызмет ету өрісін кеңейтіп, қазақ топырағында құнарланған тұғырын бекітетін, қазіргі қоғамдық мүддеге сәйкес тілде сақталған рухани-танымдық қазынаның кілтін ашатын кешенді дүниелерді атауға болады: Ә.Қайдар, Қазақтар ана тілі әлемінде; Р.Сыздық, Сөздер сөйлейді; Т.Жанұзақ Қазақ ономастикасы; Қазақ әдеби тілінің сөздігі т.б.

«Әділетті Қазақстанның» рухани-әлеуметтік іргесін нығайтатын жобалардың мақсатына орай замана көшінің ғаламдасқан кеңістігінде елдік мүдденің болашағы ұлттық рухты көтерумен қатар қоғамдық-әлеуметтік сананы, ақпарат ағынын қабылдау жүйесінде мәдени-саяси дискурсты жетілдіруді талап етеді.

Бұл жағдаят ғаламданған әлемнің бір бөлшегі ретінде «қазақ дүниесінің» де тілдік бейнесін танудың лингвофилософиялық тәсілі «ұлттық модель» мен «әлемдік модельдің» тоғысуын қажет ететінін қазіргі жаһандану заманындағы ғылыми тәжірибе көрсетіп отыр. Осымен байланысты әлемдік деңгейдегі В.Фон Гумбольдт, А.А.Потябня т.б. лингвофилософ ғалымдар мен А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов т.б. қазақ руханияты мен тіл білімінің негізін салушы ғалымдар, Алаш зиялылары мұраларының шығармашылық үндестігін зерделеуге қатысты жаңа бағыттағы еңбектер қазақтану ілімін тіл арқылы дәйектеуге өзіндік үлес қосады деп санаймыз.

Атап айтқанда, XX ғ. екінші жартысынан бастап басқа да интеграция­лық сипаттағы жаңа ғылыми парадиг­малардың қатарында дүниенің даму бейнесін пәнаралық (философия, психология, мәдениеттану және лингвистика) модельдеуге бағытталған лингвосинергетика парадигмасы қа­лыптаса бастады. Оның негізгі мәнін терең тамырлы тіл құрылымының бір-біріне байланысқан, бірақ өз ішінде реттелетін бөлшектерінің тіл­дің өз ішінен шығатын қуатын ашық жүйеде сипаттайды. Осы тұрғыдан пайымдасақ, «әлем моделі», «әлем бейнесі», «тілдік сана» сияқты ұғымдар сипаттайды. Филолсофиялық тұрғыдан «әлем моделі» танымның (мәдениеттің) дүниетанымдық категорияларының тұтастығын көрсетсе, «әлемнің тілдік моделі» оның тіл арқылы бейнелеуін көрсетеді.

Соның негізінде В.Фон Гумбольдт енгізген «этнотілдік сана» ұғымы «ұлттық дүниетаным мен түсінікке сәйкес қалыптасқан мәдениет пен психология негізінде жасалатын дүниенің инвариантты бейнесі тілде дәйектеленетіні дәлелденеді. Ал әрбір тілге тән этномәдени жүйенің мағы­насын түзетін ортақ семан­тикалық желінің ашық жүйеде, ассоциативті сипатта (санада бұрыннан бар) ұйым­дастырылған семантикалық жал­ғастығы синергетикалық қағидаға сәйкес әр замандағы тілді тұтынушыға оның түсініктілігін қамтамасыз етеді. Бұл дүниетанымның негізінде әр ұлттың өзіне тән әлеуметтік стереотиптері, когнитивтік схемалардың жүйесі дүниенің тілдік бейнесін құрады. Себебі көру, сезу арқылы қабылданған бейне сөздің ішкі мазмұнындағы қуаттың ашықтық сипаты арқылы танымдық дамудың көркем үрдісін жалғап, тілдік санада оны сөз-бейнеге айналдырады. Мысалы, қыз сұлулығын айшықтайтын ботагөз сөзі мен қазіргі таңда үстеме мағынасы арқылы жаңғырған тұсаукесер сияқты сөздердің қолданысы қазақ танымына сәйкес қалыптасқан.
Сол сияқты жыраулар тіліндегі:
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген.
Немесе:
Құладын құстың құлы еді.
Тышқан жеп жүні түледі…
– деген жолдардағы ебелек от, құладын құс атауларының жыр кестесінде астарлаған этномәдени кодын сөздіктерде ашу үшін оларға фитонимдік, орнитонимдік (ебелек оты – шөп, өсімдік, ал құладын құс) ақпарат беру жеткіліксіз. Ол үшін ебелек отының (шөбінің) құнары малды семіртетінін, құладынның асыл тұқымды құс еместігін күнделікті өмір тәжірибесінде танып, адам, мінезін бейнелеуге ауыстырған когнитивтік танымды беру керек.
Жалпы алғанда, көшпенді мәде­ниеттің өрісіндегі қоршаған табиғаттың флорасы мен фаунасы, ландшафттың ерекшелігін өздерінің таным көкжиегіне сай теңеп, кейіптеуі олардың тұтас, көркемдік-рухани әлем кеңістігін, жүйесін қалыптастырады. Бұл айналып келгенде, өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде санайтын көшпелі мәдениеттің негізгі қағидасы».
Демек, табиғатпен астас өмір сүріп, оның әртүрлі құбылыстарын бағалап үйренген ата-бабамыз оны өзінің күнделікті іс-тәжірибиесімен салыстырып, санасында бұрыннан бар ассоциациялық бейнелер арқылы ұқсастырады. Соған сәйкес ебелек оты деген контексте оған өсімдік ретінде мән беріліп тұрған жоқ. Ол жоғарыда көрсетілген когнитативтік үдеріс негізінде санада ұйқастыру арқылы, яғни өсімдіктің «жеңіл», «әлсіз» деген мағынасын адам мінезіне қатысты «жеңілтек» мағынасын үстемелеп, көркем түрде бейнелеп тұр.

Жамал МАНКЕЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
Лексикология бөлімінің бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымының докторы, профессор

https://anatili.kazgazeta.kz/news/62415

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар