Жұмысшы мамандықтары жылы: «AMANAT» өндіріс саласына қолдау шараларын күшейтіп жатыр

Павлодар қаласында «Қазэнергокабель» АҚ бастауыш партия ұйымының мүшелерімен және еңбек ұжымымен кездесу өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Павлодар қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, қалалық мәслихаттың төрағасы Қобланбек Қожин, Павлодар қалалық Қоғамдық кеңесінің экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Максат Сүлейменов, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ-ның аға кеңесшісі Толқын Қалтаева қатысты.

Кездесу барысында өндіріс саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, еңбек жағдайын жақсарту, кәсіби білім мен қайта даярлау мүмкіндіктері, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларына қатысу, сондай-ақ жас мамандарға қолдау көрсету жайы сөз болды.

Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялай отырып, бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалау қажет екенін атап өтті.

«Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі», – деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндіріс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту бағытында нақты жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар өңірлерде жұмысшы мамандық иелеріне арналған әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу, партия фракциясы депутаттарының әлеуметтік мәселелерді шешуге араласуы, кәсіподақ пен тәлімгерлік қозғалысты дамыту – мұның бәрі партияның өндіріс саласын қолдаудағы жүйелі жұмысының бір бөлігі.

«Бүгінде еңбек адамы өзінің еңбегі шынайы бағаланатынын сезінуі керек. AMANAT» партиясы жұмысшылардың мүддесін қорғап, әлеуметтік әділеттілік, адал еңбекке құрмет және кәсіби еңбекті лайықты марапаттау қағидаларын ұстанып келеді», – деді Сүлеймен Сыздықов.

Кездесу аясында кәсіпорын қызметкерлері салтанатты түрде марапатталды. Олар адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі және өндіріс саласының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

«Дәл осы еңбек адамдары – еліміздің экономикалық өсімі мен қоғамдық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі күш. Олардың қажырлы еңбегі арқасында нақты сектор ілгерілеп, өңірдің орнықты дамуына негіз қаланып жатыр», – деп атап өтті Қобланбек Қожин.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек адамына көрсетілетін әлеуметтік қолдауды күшейту және еңбекке құрмет мәдениетін қалыптастыру бағытындағы бағдарламаларын жалғастыра бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар