«AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысына кезекті мәрте қоғамдық мониторинг жүргізді. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп ғимараттарының дайындығын айрықша бақылауға алған аманаттықтар, бюджет есебінен салынып жатқан білім беру ұйымдарын зерделеуден өткізіп, құрылыс барысында кездесіп жатқан өзекті мәселелерді анықтауға, олардың дер кезінде шешім табуына ықпал етуді мақсат тұтады.
Сарыағаш қаласы, Б.Оспанов көшесінің бойынан салынып жатқан мектеп ғимаратының құрылысына аудандық партия филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы М.Асилов, аудандық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері Н.Делишев, Ө.Садықов, Д.Оспанова арнайы келіп, мұндағы құрылыс қарқынын зерделеді, құрылыс барысындағы ахуалды аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты өкілдерінен сұрап, білді, құрылысты бекітілген мерзімде аяқтау мәселесін, құрылыс жүрген аумақты абаттандыру жұмыстарының жоспарын талқылады.
Қазір құрылысшылар бригадасы кафель төсеу жұмыстарын, желдеткіш жабдықтарын орнату, электр желілерін монтаждау жұмыстарын атқаруда. Ғимараттың сыртқы келбеті жоба-сметалық құжаттамада бекітілген эскизде әрлеу жұмыстары қолға алынған. Құрылыс жүрген аумақты тегістеу, абаттандыру жұмыстарына дайындау бастамасы іске асырылуда. Мектепке қажетті жабдықтарды орнату мәселесі де айрықша назарға алынған.
Зерделеу жұмыстарын атқарған партия өкілдері, құрылысты уақтылы аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Орнатылатын жабдықтар бекітілген сапа стандарттарына толық сай болуы керектігіне назар аударып, мектеп айналасын көркейту мәселесін жауапты құрылымдар ерекше бақылауна алуы қажет деп байыптады. Мектеп ғимараты толық іске қосылғанша, мұндағы жұмыстар партия өкілдерінің тұрақты бақылауында болады. Құрылыстағы барлық өзекті мәселелерді осында ашылған партиялық бақылау бекеті айрықша назарында ұстайды.