Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының шығармашылық ұжымы Түркия астанасы Анкарада көрерменнің көзайымына айналды. Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы және ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына орай Жетісай драма театры заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналады.
«Көкту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен өткен қойылымды тамашалауға ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф, Кечиөрен муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкерлері, қазақстандық азаматтар қатысты.
Жетісай театрының әртістері қойылымда қазақ халқының бай дәстүр-салтын, өнерін, әзіл-қалжыңын, мінезін барынша мол бояуымен беріп, түркиялық театрсүйер қауымға жоғары деңгейде жеткізе білді. Әсіресе қазақ театр ұжымының сахна безендіруі, актерлердің киімдері, сахнаны қолдану ерекшеліктері көрерменді тәнті етті.
Айта кетейік, іссапар аясында театр ұжымы ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуфпен кездесті. Театр әртістеріне ұйым атынан арнайы алғыс хат табыстады. Шығармашылық топ Анкара сапары шеңберінде Түркияның бас қаласының тарихи және мәдени орындарын аралады.