

Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласы жаңа серпін алуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында салынып жатқан заманауи жылыжай кешені.
Бұл жоба – ауыл экономикасын жандандырып, тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған нақты қадам. Жалпы құны 250 миллион теңге болатын жылыжай кешені 7,5 гектар аумақты қамтиды. Қазіргі таңда 0,18 гектарға қияр егілді, алғашқы өнім беру жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта мұнда қызанақ пен қияр өсіріліп, өнімдер облыс базарлары мен сауда желілеріне жеткізілмек. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жылыжай кешенінің құрылысымен арнайы танысып, жауапты тұлғалармен кездесті. Аймақ басшысы кешен құрылысының маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартудың маңызын атап өтті.
Аталған жобаны жүзеге асыруда 30-дан астам ауыл тұрғыны «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдау алған. Оның ішінде 20 азаматқа 167 миллион теңге көлемінде несие беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінде 42 учаскеге бөлінген кешеннің 17-сінде жылыжай құрылысы толық аяқталған, ал 3 нысанда жабдықтар орнатылып, іске қосуға дайын тұр.
Мұндай жобалар ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту арқылы өңір экономикасына тың серпін береді. Жылыжай өндірісі ауыл шаруашылығын әртараптандырып қана қоймай, жергілікті өнім көлемін ұлғайтып, импортты алмастыруға жол ашады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауылдағы нақты нәтижелер мен табысты жобалардың үлгісі. Ордабасыда салынып жатқан жылыжай кешені – соның айқын дәлелі. Бұл бастама ауыл еңбегінің қадірін арттырып, жаңа табыс көзін қалыптастыратын жарқын жоба болмақ.
