ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірлік жедел штаб отырысы өтті. Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.

Отырыс барысында құқық қорғау органдары мен жауапты мекемелердің есептері тыңдалып, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту, білім беру ұйымдары, ата-аналар және тиісті қызметтердің өзара іс-қимылын арттыру мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі жауапты мекемелерге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиын барысында білім беру ұйымдарында профилактикалық іс-шараларды күшейту, оқушылардың психологиялық жай-күйін тұрақты бақылау, әлеуметтік тәуекел тобындағы отбасылармен жұмысты жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар құқық қорғау органдары, білім бөлімдері, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласының мамандарының бірлескен жұмысы арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және балалардың заңды құқықтарын қорғау шараларын күшейту қажеттігі айтылды.

Балалардың қауіпсіздігіне қатысты қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі – цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлердің алдын алу. Осыған байланысты интернет желісіндегі заңсыз контенттің, кибербуллингтің, интернет-алаяқтықтың және өзге де қауіптердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын кеңейтуге ерекше назар аударылуда. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған кездесулер, семинарлар мен тәрбиелік іс-шараларды тұрақты өткізу арқылы оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру көзделіп отыр.

Түркістан облысында балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кешенді түрде жалғасады. Профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру, мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың өзара ынтымақтастығын нығайту және ата-аналардың жауапкершілігін күшейту арқылы өңірде қауіпсіз балалық шақ қалыптастыруға басымдық беріледі. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, балалардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын қолдау және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың маңызды бағыты болып табылады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар