ЛАГЕРЬДЕ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ ТҮСІНДІРУ ШАРАЛАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Төлеби аудандық полиция бөлімінің ҚҚБ ОТЗЗҚКТ және КТІжБ қызметкерлері жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудан аумағындағы «Төлеби нұры» балалар сауықтыру лагерінде «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында маңызды түсіндіру жұмыстарын өткізді.

Аталған іс-шараның басты міндеті – балалардың бойында сақтық сезімін қалыптастырып, оларды түрлі қауіп-қатерден қорғану жолдарымен қаруландыру.

Полицейлер жиын барысында балаларға жеке қауіпсіздікті сақтаудың басты ережелерін, көшеде жүру мәдениетін, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау тәртібін және бейтаныс жандармен қарым-қатынас жасау барысында аса сақ болудың маңыздылығын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, цифрлық дәуірдегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып, балаларға интернет желісін тиімді әрі қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау, сондай-ақ мектеп пен ортада жиі кездесетін буллинг пен кибербуллингтің алдын алу және оған қарсы тұру жолдары жан-жақты баяндалды.

Кездесу тек дәріс түрінде ғана емес, балалардың қызығушылығын арттыратын интерактивті форматта жалғасты. Олардың ұйымшылдығын, логикалық ойлауын, ептілігі мен белсенділігін дамыту мақсатында түрлі эстафеталық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, мағыналы әрі көңілді демалыс өткізу мүмкіндігіне ие болды.

Кездесу соңында еркін пікір алмасу форматында балалар өздерін толғандырған өзекті сұрақтарын қойып, құқық қорғау органының қызметкерлерінен нақты әрі жан-жақты жауаптар алды, сонымен бірге өздерінің конституциялық құқықтары мен міндеттері туралы тың ақпараттармен қанықты.

Іс-шараны қорытындылай келе, тәртіп сақшылары жасөспірімдерге қауіпсіздік талаптарын күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырудың, заңға бағынып, жауапкершілікпен өмір сүрудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын тауып, әрбір баланың қауіпсіз әрі жарқын болашағын, алаңсыз балалық шағын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар