Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Шұбарсу ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, елді мекендегі инженерлік инфрақұрылым нысандарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Атап айтқанда, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған ішкі газ желісі құрылысының 1, 3 және 4-кезеңдері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар зерделенді. Нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалу деңгейі, газ құбырларының тартылу бағыттары мен жобада қамтылған аумақтар қаралып, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударылды.
Жоба аясында 89 көше мен 19 орам қамтылып, 3 246 абонентті (31 380 тұрғын) табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген. Газ құбырының жалпы ұзындығы 126 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, жобаға енбеген 4 көшені табиғи газбен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Аудан әкімі мердігер ұйымға құрылыс қарқынын күшейтіп, жобалық талаптарды қатаң сақтауды және анықталған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
Жұмыс сапары барысында Шұбарсу елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобасының іске асырылу барысы да қаралды. Жауапты мамандар құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Аудан әкімі тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды белгіленген мерзімде әрі жоғары сапамен аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты тұлғаларға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

