Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына 5 жыл толуына орай «Тұран – достық бастауы» атты халықаралық мәдени-рухани ынтымақтастық кездесуі өтті. Іс-шараға Түркістан облыстық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Садықов, Өзбекстан Республикасынан келген мәдениет және кітапхана саласының өкілдері, ғалымдар, ақындар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи-рухани байланыстарды нығайту, түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын сақтау және әдеби ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесу аясында Өзбекстанның Жызақ облысының тарихы мен мәдениетін таныстыратын «Jizzah mojizalar olkasi» кітабы Түркістан облыстық Мәдениет басқармасына сыйға тартылды. Сондай-ақ, халықаралық академияның академигі, ақын Нұрали Холботаев «Түркістаным – Тұраным» атты авторлық өлеңін оқып, киелі Түркістанға деген құрметін білдірді.
Сонымен қатар, «Кітап – достықтың алтын көпірі» атты халықаралық кітап көрмесі ашылып, онда Қазақстан мен Өзбекстанның әдебиеті, тарихы, мәдениеті мен руханиятын насихаттайтын құнды басылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтып, кітап арқылы рухани ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Кітап көрмесі аясында ұсынылған әдеби және тарихи еңбектер келушілерге екі елдің рухани байлығы мен мәдени ерекшеліктерін тереңірек тануға мүмкіндік берді. Мұндай көрмелер жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тарихи сананы қалыптастыруға және әдеби байланысты нығайтуға қызмет етеді. Сонымен бірге мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен ғалымдардың бас қосуы шығармашылық әріптестікті дамытып, жаңа бірлескен жобалардың жүзеге асуына негіз қалайды.
Түркістан қаласында ұйымдастырылған халықаралық рухани кездесу өңірдің түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындай түсті. Алдағы уақытта осындай халықаралық форматтағы кездесулер, әдеби форумдар, кітап көрмелері мен мәдени жобаларды тұрақты өткізу көзделіп отыр. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының ұлттық мәдениетті қолдау, тарихи мұраны сақтау, халықаралық гуманитарлық байланыстарды кеңейту және түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмаларымен сабақтасып жатыр. Осындай игі шаралар халықтар арасындағы достықты нығайтып, ортақ рухани құндылықтарды сақтауға және жас ұрпақтың тарихи-мәдени мұраға деген құрметін арттыруға маңызды үлес қоса береді.

