ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС ХАБЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ БАҒЫТЫНДА КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Jiangxi Zhixin Real Estate Development Co., Ltd» компаниясының бас директоры Мао Тинь және «Хуатун» халықаралық инвестициялық-өнеркәсіптік тобының халықаралық бизнес және шетелдік өнеркәсіптік инвестициялар жөніндегі басшысы Пэн Бохэнмен кездесті.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың артықшылықтары, қолайлы логистикалық орналасуы мен мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

– Түркістан облысында өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Біз шикізат экспортынан гөрі оны терең өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім өндіретін жобаларды жүзеге асыруға басымдық береміз. Сондықтан құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған бастамалар біз үшін маңызды. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Жобаларыңызды жүзеге асыратын дайын өндірістік парк пен ғимараттарымыз бар. Инфрақұрылым тартылған. Біз терең өңдеу, дайын өнім шығаруға, жұмыс орындарын ашуға басымдық береміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Қытайлық инвесторлар Түркістан облысында құрылыс хабын қалыптастыруға қызығушылық танытып, құрылыс материалдары мен сантехникалық өнімдер шығаратын заманауи өндіріс орындарын ашу жоспарын таныстырды. Аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бағытындағы келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.

Қытайлық инвесторлардың қызығушылық танытуы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және өңірде өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді. Құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, құрылыс саласының қарқынды дамуына тың серпін береді. Сонымен қатар, импорттық өнімдерге тәуелділікті төмендетіп, отандық өндірістің үлесін арттыруға мүмкіндік жасайды.

Жоспарланып отырған құрылыс хабы заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибеге негізделген өндірістік алаңға айналмақ. Мұнда құрылыс материалдары, санитарлық-техникалық жабдықтар және өзге де құрылыс индустриясына қажетті өнімдерді шығару көзделуде. Бұл өңірдегі құрылыс компанияларын қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп, өндіріс шығындарын азайтуға және жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Инвестициялық жобалардың іске асырылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға және шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етеді. Өндіріс орындарының ашылуы көлік-логистика, қызмет көрсету және басқа да сабақтас салалардың дамуына серпін беріп, өңір экономикасының әртараптануына мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге кәсіпорындардың іске қосылуы бюджетке түсетін салық түсімдерін көбейтіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына өз үлесін қосады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар