Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын аралап, жобалардың орындалу қарқыны мен сапасын бақылады. Шаһар басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендерінің құрылысымен танысты.
Бүгінде 5 қабатты 22 тұрғын үйдің 13-нің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 9 тұрғын үйді биыл “Отбасы банк” арқылы тұрғындарға тапсыру жоспарланған. Жалпы аумағы 7,74 гектарды құрайтын тұрғын үй кешенінде 880 пәтер бар.
Сонымен қатар, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті ойын және спорт алаңдары, автотұрақтар мен өзге де әлеуметтік инфрақұрылым нысандары қарастырылған.
Жұмыс сапары барысында қаланың сәулеттік келбетін айқындайтын жаңа жобалардың бірі – Рәміздер алаңының құрылысы да таныстырылды. Жаңа қала аумағында бой көтеретін бұл нысан өңірдің сәулеттік келбетін толықтыра түспек. Осыған байланысты қала әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға барлық нысандарды уақытылы әрі сапалы аяқтап, пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі Түркістан қаласында баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жандандырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, әлеуметтік осал санаттағы отбасылар, көпбалалы жанұялар, жастар және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін бұл маңызды қолдау болмақ. Заманауи талаптарға сай салынған тұрғын үйлер тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне барлық жағдайды қамтамасыз етеді.
Тұрғын үй кешендерінің құрылысы барысында сапалы құрылыс материалдары қолданылып, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінген. Әрбір үй орталықтандырылған электр, су, газ және кәріз жүйелеріне қосылып, абаттандырылған аумақтармен қамтылуда. Сонымен қатар, тұрғындардың күнделікті тұрмысына қолайлы жағдай жасау мақсатында жаяу жүргіншілер жолдары, жарықтандыру жүйелері, көгалдандыру жұмыстары, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңшалары кешенді түрде салынуда. Бұл жаңа шағынаудандардың толыққанды әрі қолайлы өмір сүру кеңістігіне айналуына негіз болады.
Қала аумағында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тұрғын үй құрылысымен қатар қатар жүргізілуде. Жаңа ықшамаудандарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және қызмет көрсету нысандарын кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған. Мұндай кешенді тәсіл тұрғындардың барлық қажеттілігін бір аумақта қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, қаланың тұрақты әрі жоспарлы дамуына оң ықпал етеді.

