Өндіріс ауылдарға келді

Возможно, это изображение литейный завод

Түркістан облысында өндіріс тек ірі қалаларда емес, аудандар мен ауылдарда да қарқын алып келеді. Өңірде 29 шағын өндірістік паркте 275 ғимараттың құрылысы басталып, 164 нысан пайдалануға берілді. Жүзге жуық жоба іске қосылып, мыңдаған тұрғынға еңбек етуге мүмкіндік ашылды.

Түркістан облысында өндірістік инфрақұрылымды дамыту жаңа сипатқа ие болды. Бұған дейін өндіріс десе көз алдымызға ірі зауыттар елестесе, бүгінде шағын өндірістік парктер ауылдар мен аудан орталықтарында бой көтеріп, жергілікті кәсіпкерлердің жұмысын жандандырып жатыр.

Өңірдің барлық аудан-қаласында өндірістік алаңдар құру жұмыстары жүргізілуде. Қазір 29 шағын өндірістік паркте 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның 164-і толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Бұл – бос тұрған ғимараттар емес. Мұнда жиһаздан бастап құрылыс материалдарына, ет өндірісінен тұрмыстық химияға дейін түрлі өнім шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастап жатыр.

САУРАНДА – 767 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ

Өндірістік парктердің тиімділігін Сауран ауданындағы жобалардан анық көруге болады.

Аудандағы сегіз өндірістік паркке 26 инвестициялық жоба орналастырылып, іске қосылды. Нәтижесінде 767 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жобалардың басым бөлігі жиһаз және құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған.

Яғни аудан тұрғындары үшін жұмыс іздеп алысқа барудың қажеті азайып, өндірістің өзі елді мекендерге жақындай түсуде.

ТҮЛКІБАСТА – МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНАН ЖҮК КӨЛІГІНЕ ДЕЙІН

Түлкібас ауданында төрт өндірістік парк құрылған. Оның екеуі мал бордақылау және ет өндіру кешендеріне, тағы бірі жүк көліктеріне қызмет көрсетуге бағытталған.

Қазір мұнда 10 мал бордақылау кешені мен 4 жүк көлігіне қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады. Ал «Майлыкент» өндірістік паркінде тағы алты ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын.

АУДАНДАРДА ҚАНДАЙ ӨНДІРІС ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР?

Шардарада құны 530 млн теңгелік алты жоба іске қосылып, 31 жұмыс орны ашылды. Мұнда құрылыс материалдары, фасадтық жабдықтар мен жиһаз өндіріледі.

Қазығұртта 450 млн теңгелік алты жоба жүзеге асып, 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кәсіпорындар желдеткіш құралдарын, матрас, фасадтық материалдар және жиһаз шығарады.

Ордабасыда 1,25 млрд теңгенің бес жобасы іске қосылып, 53 адам жұмысқа орналасты. Мұнда тұрмыстық химия, кір жуғыш заттар, құрама жем, шыны және металл бұйымдары өндіріледі.

Отырарда 305 млн теңгенің бес жобасы іске асырылып, 21 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлер темір бұйымдары, брусчатка, құрама жем өндірісімен және ауыл шаруашылығы өнімдерін сублимациялық әдіспен кептірумен айналысады.

Төлебиде 1,2 млрд теңгенің бес жобасы іске қосылып, 85 жаңа жұмыс орны ашылды. Жиһаз, есік-терезе, алюминий және темір бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастады.

Созақта 335 млн теңгенің төрт жобасы жүзеге асып, 51 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Мұнда дәнекерлеу цехы, жылыту қазандықтарын шығаратын өндіріс, арнайы жұмыс киімдері мен тұрмыстық қолғап тігетін кәсіпорындар бар.

Жетісайда 375 млн теңгенің үш жобасы пайдалануға беріліп, 60 жаңа жұмыс орны құрылды.

Бәйдібек ауданында да өндірістік кешен қалыптасып келеді. Мұнда жоспарланған бес жобаның үшеуі іске қосылып, тігін шеберханасы, тігін мектебі және сауықтыру орталығы жұмысын бастады.

ШАҒЫН КӘСІП – ҮЛКЕН ӨНДІРІСКЕ БАСТАР ЖОЛ

Өндірістік парктердің басты ерекшелігі – кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымы бар орта ұсыну. Бұл жаңа өндіріс ашуды жеңілдетіп, кәсіпкерлердің шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Ең маңыздысы – мұндай жобалардың географиясы кеңейіп келеді. Өндіріс тек облыс орталығына шоғырланбай, аудан-қалаларға, тіпті ауылдық елді мекендерге де еніп жатыр.

Бір жерде жиһаз жасалса, екінші жерде құрылыс материалы өндіріледі. Бір ауданда ет өңделсе, енді бірінде арнайы киім тігіледі. Мұның бәрі жергілікті экономиканың жандануына, жаңа кәсіптердің пайда болуына және халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына әсер етеді.

Ал қалған аудан-қалаларда өндірістік парктерге жаңа жобаларды тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы да жұмылдырылған.

Түркістандағы өндірістік парктер – өңір экономикасын әртараптандырудың нақты тетігіне айналып келеді. Бүгін шағын цех болып басталған өндіріс ертең үлкен кәсіпорынға айналуы мүмкін. Ал оның ең үлкен нәтижесі – ауылда жұмыс бар, кәсіпкерге мүмкіндік бар, жергілікті жерде өнім бар.

Осылайша Түркістанда жаңа өндірістің картасы қалыптасып келеді. Оның әр нүктесінде – жаңа жоба, әр жобаның артында – жұмыс орны, ал әр жұмыс орнының артында – бір отбасының тұрақты табысы тұр.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар