Түркістан облысындағы көне Отырар тағы бір құпиясын ашты. Археологтар қаланың шахристан бөлігінен XIII ғасырдың екінші жартысы – XIV ғасырға жататын мешіттің орнын тапты. Бұл – әзірге Отырардан анықталған ең көне мешіт. Ал оған алып барған тас төселген көше археологтардың өзін таңғалдырған жаңалық болды.
Отырардың әр қабаты – тарихтың бір парағы. Ғасырлар бойы жер астында жатқан көне қаланың әрбір қазбасы сол дәуірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Биыл археологтар тағы бір маңызды жаңалыққа тап болды.
100 шаршы метр аумақта жүргізілген қазба жұмыстары кезінде бес құрылыс кезеңіне тиесілі қабаттар анықталған. Ең төменгі қабаттан Алтын Орда дәуіріне жататын ғимараттың қабырғалары мен оған қарай төселген тас көше табылды.
Ғалымдар бұл нысанның мешіт болғанын бірнеше белгіге сүйеніп отыр. Ең алдымен, ғимараттың бағыты құбылаға қарай орналасқан. Сонымен қатар мешіттің маңынан мұсылмандық жерлеу орындары көптеп табылған. Ал нысанға кіреберіске дейін арнайы ірі тастармен жол төселуі де ғимараттың маңызды болғанын аңғартады.
ҚАРАТАУДАН ТАС ӘКЕЛІНІП, КӨШЕ ТӨСЕЛГЕН
Археологтарды ерекше таңғалдырғаны – мешітке апаратын тас көше.
Ғалымдардың болжамынша, көшеге төселген тастар Түркістанның арғы жағындағы Қаратаудан жеткізілген. Ол заманда мұндай ауыр тастарды арнайы тасып әкеліп, қала көшесіне төсеудің өзі үлкен еңбекті қажет еткені анық.
«Үлкен таудың тасынан көше кез келген жерде жасала бермейді» деген ғалымдар бұл жолдың сол кезеңдегі маңызын көрсететінін атап отыр.
Тас көшенің жалғасында кейінгі дәуірге жататын күйдірілген кірпіштен жасалған баспалдақ та табылған. Ғалымдардың бағалауынша, ол XV–XVI ғасырларға тиесілі.
Демек, Алтын Орда дәуірінде салынған тас жол бірнеше ғасыр бойы пайдаланылып, кейін қаланың деңгейі көтерілген кезде оған кірпіштен баспалдақ қосылған.
Бұл – Отырарда мұндай құрылыс алғаш рет табылып отырғанын көрсетеді.
МЕШІТТЕН МӨР-ЖҮЗІККЕ ДЕЙІН
Қазба жұмыстары кезінде археологтардың қолына бірқатар құнды жәдігер түскен.
Олардың арасында араб жазуы бар мөр-жүзік, сырлы панджара, күмбез ұшына қойылатын қубба, сиясауыттың бөлігі, есік топсалары, сүйектен жасалған бұйымдар және түрлі кезеңдерге тиесілі теңгелер бар.
Әсіресе араб жазуы бар мөр-жүзік зерттеушілердің назарын аударып отыр. Бұл – Отырардың археологиялық зерттеу тарихында алғаш рет кездескен олжа. Қазір мамандар оның жазуын жан-жақты зерттеп жатыр.
Сонымен бірге Алтын Орда дәуірінің күміс және мыс теңгелері, Әмір Темір кезеңінің теңгелері және ортасы тесілген қытай теңгелері табылған.
Бір ғана қазбадан табылған осы жәдігерлердің өзі Отырардың ғасырлар бойы сауда, мәдениет және өркениет тоғысқан ірі орталық болғанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
ОТЫРАРДЫҢ ТАРИХЫ БҰДАН ДА ТЕРЕҢ БОЛЫП ШЫҚТЫ
Жаңа мешіттің табылуы Отырар тарихына қатысты маңызды түсінікті өзгертеді.
Бұған дейін қалада XV, XVI және XVII ғасырларға жататын мешіттер белгілі болған. Ал жаңадан табылған нысан олардан бірнеше ғасыр бұрын салынған.
Яғни Отырардағы ислам мәдениетінің тарихы бұрын болжанғаннан да тереңге кетеді.
Бір қызығы, өткен жылы археологтар қаланың рабад бөлігінен екі бөлмесінде де михрабы бар тұрғын үй кешенін тапқан болатын. Зерттеу нәтижесінде оның VIII ғасырдың ортасына жататыны анықталған.
Ал биыл ғалымдар Отырардың қақ ортасынан мешіт орнына жетті.
Бұл екі жаңалықты қатар қарасақ, көне қалада ислам мәдениетінің әр кезеңдегі дамуын археологиялық деректер арқылы бақылауға мүмкіндік туып отыр.
«ӨЗІМІЗ ДЕ ТАҢҒАЛДЫҚ»
Экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа биылғы жаңалықтардың күтпеген жерден ашылғанын айтады.
Археологтар мешіт орнын ғана емес, тас төселген көшені және кейін салынған баспалдақты да тапқан. Бұл Отырардың бір орында қатып қалған қала емес, ғасырлар бойы өзгеріп, дамып отырғанын көрсетеді.
Ғалымдардың айтуынша, Отырар XIII ғасырда жойылып кеткен жоқ. Керісінше, Алтын Орда дәуірінде қала мәдениеті қайта жанданып, жаңа құрылыстар бой көтерген.
Ал ең қызығы – қазба жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Ғалымдар әзірге нысанның бір бөлігін ғана ашқан. Археологтардың болжамынша, қазылған аумақ мешіттің алдындағы аула болуы мүмкін. Ал мешіттің михрабы орналасқан негізгі қабырғасы әлі жер астында жатыр.
Бұл дегеніміз – Отырардың жер астында әлі де талай құпия бар.
КӨНЕ КӨШЕМЕН ТУРИСТЕР ЖҮРЕТІН КҮН АЛЫС ЕМЕС
Табылған нысанның ғылыми маңызымен қатар туристік әлеуеті де жоғары.
Келешекте келушілер көне қаланың тас төселген көшесімен жүріп, ғасырлар бұрынғы баспалдақпен көтеріліп, Алтын Орда дәуіріндегі Отырардың тынысын сезіне алады.
Қазір қазба орнының үстін жауып, консервациялау жұмыстары жүргізілуде. Қосымша қаражат бөлінсе, зерттеу жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр.
Қазбадан алынған сүйектерге антропологиялық және генетикалық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынған. Ал жәдігерлерге түрлі ғылыми талдаулар жасалып, нәтижелері ғылыми айналымға енгізіледі.
Зерттеу жұмысына отандық мамандармен бірге шетелдік ғалымдар да қатысуда. Ал биылғы археологиялық жаңалықтар 28–29 қыркүйекте Кембриджде өтетін халықаралық конференцияда таныстырылады.
Отырардың әрбір жаңа қазбасы – өткеннің көмескі ізін бүгінгі күнге жеткізген көпір. Жер астынан табылған көне мешіт пен тас көше де сол тарихтың кезекті бір парағын ашты. Бірақ ең бастысы – бұл парақтың соңғысы емес. Отырардың қойнауында әлі ашылмаған талай тарих жатуы мүмкін.



