Әрбір жетінші оқушы Түркістанда білім алады

 

Түркістан облысында білім саласына қойылып отырған талап жоғары. Бұған бір ғана көрсеткіштің өзі жеткілікті: Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы – Түркістан өңірінің баласы. Бүгінде облыстың білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады. Ал жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын 50 мыңнан астам бүлдіршін бар.

Бұл – демографиялық өсімнің ғана көрсеткіші емес, өңірдегі білім инфрақұрылымына түсетін үлкен жауапкершілік. Сондықтан Түркістанда жаңа мектеп салумен қатар, бұрыннан бар білім ошақтарын жаңарту, олардың материалдық-техникалық базасын күшейту және ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндігін теңестіру жұмыстары қатар жүріп жатыр.

Бүгінде республика бойынша тіркелген 7 896 мектептің 1 106-сы Түркістан облысында орналасқан. Сонымен бірге өңірде 1 441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі, 40 арнайы білім беру ұйымы, 4 балалар үйі, 3 кешкі мектеп және 2 оқу-өндірістік комбинат жұмыс істейді.

Мектеп көп, міндет те үлкен

Өңір басшылығының айтуынша, мектептің жаңа болуы жеткіліксіз. Басты мәселе – баланың сол мектепте қандай жағдайда білім алатыны.

Осы мақсатта білім беру ұйымдарын заманауи жиһазбен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 75 мың жаңа парта мен 10 мың жаңа тақта алуға қаржы бөлінді. Сонымен қатар оқушыларға қолайлы психологиялық орта қалыптастыру үшін 266 психологиялық кабинет заманауи үлгіде жабдықталмақ.

Мектептерді жаңғырту жұмысы мұнымен шектелмейді. 2024-2025 жылдары облыста 29 жайлы мектеп іске қосылды. Қазір облыстық бюджет есебінен тағы 13 білім беру нысаны салынуда. Ал 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орынға арналған 58 жаңа білім нысанын іске қосу жоспарланған.

Бұдан бөлек, күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп реновациядан өтуде.

Ауыл мектебіне де жаңа мүмкіндік

Түркістан үшін ең өзекті бағыттардың бірі – ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту.

Бұл бағытта «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауы айрықша. Қор 2022-2025 жылдары Түркістан облысында жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын қайырымдылық жобаларын іске асырды. Оның ішінде білім саласына 5,3 млрд теңге бағытталған.

Биыл қордың қолдауымен құны 5,1 млрд теңге болатын 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталуда. Бұл – ауыл баласының заманауи зертхана мен технологияға қол жеткізуіне жол ашатын маңызды қадам.

Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 1 800 орындық «Жаңа буын орталықтарын» робототехника, өнер және спорт құралдарымен жабдықтауға 2,6 млрд теңге қарастырылған.

Жасанды интеллект ауыл мектебіне де жетеді

Білім саласындағы келесі үлкен қадамның бірі – жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұл бағытты жүзеге асыру үшін алдағы үш жылға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған. Жоба аясында өңірдегі 145 шағын жинақты мектепті озық цифрлық жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.

Бұл әсіресе шалғай ауылдардағы оқушылар үшін маңызды. Өйткені цифрлық технологиялар арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту – мектептің орналасқан жеріне қарамастан, баланың сапалы білімге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Нәтиже – білім сапасында

Атқарылған жұмыстардың нәтижесі білім сапасынан да көрініп отыр. 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысының білім сапасы 69 пайызды құрап, республика бойынша жоғары көрсеткішке жетті.

Бұл нәтижеде материалдық жағдаймен қатар, мұғалімдердің еңбегі шешуші рөл атқарады. Өңірде ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға және олардың жұмысына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп келеді.

Түркістан облысында білім саласының алдында тұрған міндет ауқымды. Себебі мұнда елдегі әрбір жетінші оқушы білім алады. Демек, мектеп салу мен кабинеттерді жабдықтау – бүгінгі күннің шаруасы болса, сол мектептен сапалы білім алған ұрпақты қалыптастыру – ертеңгі күннің нәтижесі.

Сондықтан өңірдегі білім саясатының негізгі бағыты бір нәрсеге келіп тіреледі: баланың қай жерде туғанына қарамастан, сапалы білім алуға мүмкіндігі бірдей болуы керек.

 

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар