Қазақстанда жерлеу шығыны отбасыларға ауыр тиіп отыр
Жақынынан айырылу – кез келген отбасы үшін ауыр сынақ. Ал осындай қиын сәтте күтпеген қаржылық шығынның қатар келуі жағдайды одан әрі күрделендіреді. Қазақстанда әрбір үшінші азаматқа жуық адам қайтыс болған адамды жерлеу және оған қатысты рәсімдерді қарызсыз өткізе алмайды.
Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың 34,7 пайызы осындай рәсімдерге кететін шығынды қарыз немесе несие алмай жаба алмайды. Әсіресе зейнеткерлердің жағдайы күрделі: олардың 41,2 пайызы жерлеу шығындарын қарызсыз өтеуге қауқарсыз.
Бұл мәселе соңғы жылдары айтарлықтай өзгермей отыр. Статистика бойынша, жерлеу шығындарын өз қаражаты есебінен өтей алатын азаматтардың үлесі шамамен 63–66 пайыз аралығында қалып келеді.
Жерлеу қанша тұрады?
Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда ақылы жерлеу қызметтерінің көлемі бір жылдың ішінде бірнеше есеге артқан. 2024 жылы бұл нарықтың көлемі 6,4 млрд теңге болса, 2025 жылы 22,2 млрд теңгеге жеткен.
Алайда бұл көрсеткіш халықтың нақты шығынын толық көрсетпейді. Себебі ресми статистикаға негізінен ритуалдық қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысы кіреді. Ал жерлеуге қажетті заттар, ас беру және қабір басын абаттандыру сияқты шығындардың барлығы бірдей есепке алынбайды.
Шымкент пен Түркістан өңірінде дәстүрлі жерлеу рәсімдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан отбасыға түсетін қаржылық салмақ та аз емес.
Мәселен, жерлеуді ұйымдастырудың негізгі шығындары шамамен 150–250 мың теңгеден басталуы мүмкін. Бұған көлік, қабір қазу және қажетті негізгі қызметтер кіреді.
Одан бөлек, марқұмның жетісі, қырқы, жылдығына берілетін астар мен басқа да жиындарға шығын кетеді. Қонақ саны көбейген сайын қаражат та арта түседі. Мұндай дастарханның жалпы құны 200–500 мың теңгеге және одан да жоғары болуы мүмкін.
Қабір басын абаттандыруға да қомақты қаржы қажет. Қарапайым құлпытас пен плита құны ондаған мың теңгеден басталса, үлкен мазар салу мен оны безендіруге 400–800 мың теңге немесе одан да көп қаражат жұмсалуы ықтимал.
Осылайша, қосымша шығындарды есептемегеннің өзінде, жақынын жерлеуге кететін қаражат бірнеше жүз мың теңгеге жетеді.
Қаржылық қор болмаса, қарыз көбейеді
Мәселенің екінші жағы – қазақстандық отбасылардың күтпеген шығындарға қаншалықты дайын екені.
Статистикаға сәйкес, азаматтардың 17,5 пайызы 30–40 мың теңге көлеміндегі күтпеген шығынды да қосымша қаржысыз жаба алмайды. Яғни көптеген отбасының төтенше жағдайға арналған жинағы жоқ немесе жеткіліксіз.
Мұндай жағдайда отбасы үшін жүздеген мың теңгені бірден табу оңай емес. Амалсыздан туыстардан қарыз сұрау, банк несиесін рәсімдеу немесе микроқаржы ұйымдарына жүгіну сияқты жолдарға баруға тура келеді.
Сөйтіп, адам жақынын жоғалтқан ауыр кезеңде моральдық күйзеліспен қатар, бірнеше айға, тіпті жылдарға созылатын қаржылық міндеттемеге тап болуы мүмкін.
Дәстүр мен мүмкіндіктің арасы
Бұл жерде мәселе салт-дәстүрден бас тартуда емес. Қазақ қоғамында марқұмды соңғы сапарға лайықты шығарып салу – ежелден қалыптасқан құндылық. Бірақ отбасының қаржылық жағдайына қарай рәсімдерді шамадан тыс шығынға батпай өткізу де маңызды.
Қайғы үстінде «елден қалмайын», «ұят болады» деген түсінікпен шамадан тыс шығындалу отбасы бюджетіне салмақ түсіруі мүмкін. Ал жерлеу рәсімі үшін алынған несие кейін отбасы мүшелерінің мойнына ұзақ уақыт бойы жүк болып қалатыны тағы бар.
Сондықтан қоғамда марқұмды соңғы сапарға шығару – жарыс емес, отбасыға қаржылық салмақ түсірмей орындалатын рәсім деген түсінікті қалыптастырудың маңызы зор.
Өйткені жақынын жоғалтқан отбасыға сол сәтте ең керегі – елдің сөзі емес, адамдардың қолдауы мен түсіністігі.

