Қылмыстық іс үшін кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған адамға мәжбүрлі түрде тәрбиелік ықпал ету шаралары қолданылады. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасында жазылған.
Жаңа редакцияға сәйкес, қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сотпен келесі қылмыстық-құқық әсер ету шаралары қолдануы мүмкін:
— мүлкін тәркілеу;
— арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру;
— белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
— Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру;
— шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу;
— кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасы;
— медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары.
Бұған дейін сот үкімімен кәмелетке толмаған адамға мәжбүрлі түрде тәрбиелік ықпал ету және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылмайтын.