Әкімдіктер халықтың тұрмысын жақсартуға бөлінген 204,8 млрд теңгені игермеген. Былтыр ел бойынша өңірлерді дамытуға бөлінген нысаналы трансферттердің 204,8 млрд теңгесі игерілмей қалған. Бұл туралы Finprom.kz порталы хабарлайды.
Өткен жылы қаңтар-қараша айлары аралығында еліміздің қалалары мен облыс әкімдіктеріне 2,9 трлн теңге нысаналы трансферттер бөлінген.
Бұл ретте бүкіл қаражаттың 92,5%-ы ғана игерілді. Қалған қаражат көлемі — 220,6 млрд теңге. Оның ішінде 15,8 млрд теңге бюджет қаражатынан үнемделген болса, 204,8 млрд теңге игерілмей қалған. Ол — қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған қаржының едәуір бөлігі.
Ел өңірлері арасында нысаналы трансферттерді игеру бойынша пайыздық көрсеткіште Қызылорда және Қостанай облыстары көш бастады. Қызылорда өңірі өткен жылы трансферттердің 99,2%-ын, ал Қостанай облысы 99%-ын игерген.
Бұл тізімде көшбасшылар үштігін Шымкент қаласы түйіндеп тұр. Былтыр аталған шаһарда нысаналы трансферттің жұмсалуы 98,6 пайызды құраған. Жалпы, еліміздің 9 өңірінде бұл көрсеткіш 95%-дан асты. Ал 5 облыста қаражатты игеру 90-95% аралығында болса, 6 өңірде орындалмаған нысаналы трансферт мөлшері 90%-дан төмен.
Өткен жылы қаражатты ең аз игерген — Астана қаласының әкімдігі. Елордадағы нысаналы трансферттердің орындалуы небәрі 68%. Яғни, былтыр Астана әкімдігі 879,4 млн теңге бюджет қаражатын үнемдесе, қалған 60,3 млрд теңге трансферт қаржысы игерілмеген.
Сондай-ақ төмен көрсеткіштер екі облыста байқалды. Олар – Маңғыстау (трансфертті игеру — 83,7%) және Батыс Қазақстан облыстары (трансфертті игеру -84,2%).