Оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтуі керек. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
«Су тасқыны кезеңінің басталуына аз ғана уақыт қалды. Қазірдің өзінде 255 елді-мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр. Ең бастысы – мұндағы халықтың жағдайына алаңдауымыз керек. Биыл қыс қарлы болды. Күн күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейеді», — деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде елді-мекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар.
«Ауа-райы болжамына сәйкес, алдымыздағы ақпан айында оңтүстікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл – «айтып келетін апаттың» нағыз өзі. Сондықтан, оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтулері керек», — деді Әлихан Смайылов.
Фото: primeminister.kz